Үшарал қаласында үшінші жыл қатарынан Жетісу облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты КММ «Күндізгі болу орталығы – «Жансая» оңалту бөлімшесі» табысты жұмыс жүргізіп келеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде: «…Біз ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға және оларға күтім көрсететін адамдарға қолдауды күшейтуіміз қажет. Бұл – баршамыздың ортақ міндетіміз», – деп атап өткені белгілі. «Жансая» орталығы осы бағыттағы әлеуметтік бастамалардың жарқын үлгісі.
Орталықтың басты мақсаты – ерекше қажеттіліктері бар балалардың әлеуметтік мәртебесін қалпына келтіріп, оларды қоғамға бейімдеу. Бұл мақсат медициналық, психологиялық, кәсіби және әлеуметтік оңалту шаралары арқылы жүзеге асады, – дейді орталық басшысы Берік Серғазин.
Жаз мезгілінде орталық жанынан Алакөлдің жағалауында, Ақши ауылында орналасқан балаларға арналған сауықтыру лагері жұмыс істейді. Бұл лагерь – бұрынғы аудан әкімінің резиденциясы базасында құрылып, орталық теңгеріміне берілген.
Коттедж типіндегі бір қабатты ғимаратта 32 адамға арналған орын бар. Мұнда 6 жатын бөлмесі, 2 ойын залы, медпункт, әкімшілік бөлмелер мен асхана қарастырылған. Ғимарат мүмкіндігі шектеулі балаларға ыңғайлы етіп, пандустармен жабдықталған. Лагерь аумағы толық бейнебақылаумен қамтылған. Жасыл желекке оранған аумақта ашық аспан астындағы ойын алаңы мен жабық бассейн бар. Алакөлдің емдік суы – қол созым жерде. Балалар үшін су терапиясы, музыка, ойын және арт-терапия ұйымдастырылады.
2023–2024 жылдар аралығында бұл лагерьде 350-ден астам бала (ата-анасымен бірге) тынығып, оңалту курсынан өтті. Тек Алакөл ауданынан ғана емес, Талдықорған қаласы мен Жетісу облысының басқа да өңірлерінен келгендер болды.
Жуырда ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған жазғы лагерьдің үшінші маусымы салтанатты түрде ашылды. Ашылу салтанатында орталық басшысы Берік Серғазин, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Балалар шығармашылығы орталығының директоры Әсия Уәлиева, сондай-ақ «Жансая» лагерь басшысы Бағдагүл Баякенова құттықтау сөз сөйледі. Дәстүрлі шашу шашылып, әсерлі театрландырылған қойылым қойылды. Жаңа маусымның алғашқы балалары – жабық бассейнде шат-шадыман шомылып жүр.
Бірінші кезеңде Талдықорған мен Панфилов ауданынан келген балалар тынығуда. Жалпы, биылғы маусымда 4 күннен тұратын 9 кезең бойынша әрқайсында 160 бала мен олардың ата-аналарын қабылдап, шамамен 320 адамға дейін қамту жоспарланған.
«Біз Президентіміз жүктеген міндеттерді толыққанды жүзеге асыру үшін бар күшімізді саламыз», – дейді «Жансая» лагерінің педагогикалық ұжымы.