2025 жылдың 20-21 маусым күндері Алакөл ауданы, Лепсі ауылында «Лепсі-2025» етті мал шаруашылығының халықаралық көрме-конференциясы өткізілді.
Ауқымды шараның басты мақсаты – Қазақстанда етті мал шаруашылығын дамыту, мал басын асылдандыру және ет экспорты потенциалын арттыру.
«LEPSI-2025» халықаралық мал шаруашылығы форумында аудан әкімі А.Абдинов өңірдің ауыл шаруашылығы жағдайымен таныстырып, барша қатысушыларға сәттілік тіледі. ҚР ауыл шаруашылығы вице-министрі А.Сұлтанов құттықтау тілегін жеткізіп, еліміздегі мал шаруашылығы саласының әлеуетін арттыру бойынша атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарға тоқталып өтті.
Сонымен қатар, ҚазҰАЗУ б. ғ. к., клиникалық пәндер кафедрасының профессоры Е.Усенбеков, «Жайылымдық егіншіліктегі көміртегі несиелері» ФАО жобасының жетекшісі С.Боулинг, «Ангус» палатасының директоры, кеңес төрағасы М.Бақтыбаев, «Басым салалық нишалар» бағдарламасының үйлестірушісі – ҰБХ «Атамекен» Е.Ахметов, «ҚазҒЗИЖик» ЖШС жылқы және түйе шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі Ж.Қожанов, «Генетика және физиология институты» ШЖҚ РМК бас директоры, биология ғылымдарының кандидаты А.Қалекешов, «АКК-Жуасбай» Жетісу облысы бойынша филиалының директоры М.Құрманбайұлы мал шаруашылығы саласына қатысты түрлі тақырыптарда баяндама оқып, презентация қорғады.
Форумды «ZHERSU» инвестициялық-өндірістік корпорациясының бақылау кеңесінің төрағасы Б.Оспанов қорытындылап, көрмеге қатысушыларға жеңіс тұғырынан көрінуге тілек білдірді.
Ауқымды шарада Еділбай тұқымды асыл тұқымды қойлардың, ірі қара, түйе, жылқы Республикалық көрмесі және ауыл шаруашылық техникасы мен жабдықтарының көрмесі халық назарына ұсынылды. Ірі қара малдар және ұсақ қара малдарға арналған аукцион ұйымдастырылды.
Конференцияға 30-ға жуық мемлекеттен 300-ден аса қатысушылар қатысты. Атап айтқанда, бизнес тарапынан асыл тұқымды мал шаруашылығы, тауар шаруашылығы, бордақылау алаңдары, ет комбинаттары, генетика, ветеринариялық қызмет және осы саладағы технологиялармен айналысатын компания өкілдері, Қазақстанның ет одағы, Ақбас, Герефорд, Ангус асыл тұқымды сиыр палаталары, ет өндірушілер мен шаруашылық басшылары қатысты.
Көрменің екінші күні ұлттық ат спорты түрлерінен жарыс өткізілді. Спорттық ойындардың ашылу салтанатында Жетісу облысы әкімінің орынбасары Ә.Жақанбаев облысымыздағы ауыл шаруашылығы саласындағы ауқымды жұмыстарға тоқталып, спортшыларға жылы лебізін білдірді. «ZHERSU» инвестициялық-өндірістік корпорациясының бақылау кеңесінің төрағасы Б.Оспанов ұлттық спорттық жарысқа қатысушыларға жеңіс тілеп, келген қонақтарға өз алғысын жеткізді. Сондай-ақ, Алакөл ауданының еңбек ардагері І.Қасымов ақсақал ақ батасын берді.
Жарысқа қатысушылар топ бәйге, жорға жарысы, аламан бәйге және қазақ күресінен “түйе палуан” ұлттық спорт түрлері бойынша бақ сынасты. Сайыстар жоғары деңгейде ұйымдастырылып, қатысушылардың дайындығы мен шеберлігі көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер алғыс хаттармен марапатталып, қомақты қаржылай сыйлықтарға ие болды.