Достық ауылында «Келешек» мектебінің құрылысы қарқынды жүргізілуде

Достық ауылында «Келешек» мектебінің құрылысы қарқынды жүргізілуде

Достық ауылында «Келешек» мектебінің құрылысы қарқынды жүргізілуде

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде білім беру сапасын арттыруға бағытталған ауқымды жобалар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Солардың бірі - Қазақстанның түкпір-түкпірінде бой көтеріп жатқан жаңа үлгідегі, заманауи «Келешек» мектептері. Бұл бастама ауылдық жерлердегі білім беру инфрақұрылымын жаңғыртып, жастарға заман талабына сай сапалы білім алуға мүмкіндік беруді көздейді.

Сол игі жобалардың бірі қазіргі таңда Алакөл ауданына қарасты Достық ауылында жүзеге асырылып жатыр. Мұнда 600 оқушыға арналған заманауи білім ордасы - жаңа «Келешек» мектебінің құрылысы қарқынды түрде жүргізілуде. Бұл нысан «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының тікелей қолдауымен салынуда, бұл өз кезегінде бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің айқын көрінісі деуге болады.

Бүгінгі таңда құрылыс жұмыстары жоспарға сай жүргізіліп жатыр. Құрылыс барысының жалпы дайындық деңгейі 80 пайызға жеткен. Құрылыс алаңында 80-ге жуық маман, түрлі саланың білікті жұмысшылары еңбек етуде. Сонымен қатар, 3 бірлік құрылыс техникасы үздіксіз жұмыс істеп тұр. Жоба бойынша мектеп ғимараты 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында толықтай аяқталып, пайдалануға берілмек.

Жаңа мектеп заманауи архитектуралық шешімдерге сай салынып жатыр. Мұнда кең әрі жарық сыныптар, IT және STEM зертханалар, интерактивті құралдармен жабдықталған пән кабинеттері, спорт зал мен акт залы, кітапхана, оқу залы, сондай-ақ оқушылардың шығармашылық қабілетін дамытуға арналған үйірмелер мен студиялар қарастырылған. Барлық талаптар мен қауіпсіздік стандарттары толықтай ескерілген.

Бұл мектеп тек оқу орны ғана емес, Достық ауылы үшін әлеуметтік маңызы зор мәдени-ағарту орталығына айналмақ. Мұнда жаңа жұмыс орындары ашылып, ұстаздар мен техникалық қызметкерлер үшін де тұрақты табыс көзі қалыптасады. Сонымен қатар, ата-аналар балаларының туған жерінде сапалы білім алып, үлкен мүмкіндіктерге қол жеткізуіне куә болады.

«Келешек» мектебінің іске қосылуы - бұл Достық ауылының ғана емес, бүкіл өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін маңызды оқиға. Ол ауыл балаларының арманына қанат бітіріп, озық ойлы, білімді, ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеуге негіз болмақ. Бұл — жарқын болашаққа бастар жолдың бастауы.