Жетісудың 3 жылдық мерейтойына тарту - Бұлақтыдағы жаңа балабақша

Жетісудың 3 жылдық мерейтойына тарту - Бұлақтыдағы жаңа балабақша

Алакөл ауданы, Бескөл ауылдық округіне қарасты Бұлақты ауылында Жетісу облысының құрылғанына 3 жыл толуына орай айтулы игі іс жүзеге асты. Елдің келешегі — ұрпақ қамын ойлаған ел азаматы, жеке кәсіпкер Әділханов Мұрат Әділханұлының демеушілігімен ауыл төрінде жаңа балабақша бой көтеріп, халықтың игілігіне пайдалануға берілді.
Заман талабына сай, кең әрі жарық, екі қабатты білім мекемесі 150 балаға арналған. Ғимарат ішінде балалардың жан-жақты дамуына арналған оқу, ойын, демалыс бөлмелері, арнайы медициналық және асхана бөлмелері қарастырылған. Балабақша 35 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етеді. Бұл ауыл тұрғындары үшін үлкен әлеуметтік қолдау.
Жобаның мақсаты – жас өскіннің қауіпсіз, жайлы ортада тәрбиеленіп, сапалы білім мен тәрбие алуына жағдай жасау.
Айта кету керек, бүгінде аудан бойынша 1-6 жас аралығындағы балалар саны – 7719, оның 2647-сі ғана балабақшада тәрбиеленуде. Демек, жаңа нысан – осы көрсеткішті жақсартуға елеулі үлес қосатын нақты қадам.
Балабақша маңынан баланың ой-өрісін кеңейтетін тағы бір игілікті жоба – кітапхана да ашылды. Рухани ордада балаларға, ата-аналарға және ауыл тұрғындарына арналған түрлі әдебиеттер, танымдық басылымдар мен оқуға қолайлы кеңістік қарастырылған.
Мұндай игі істер – ауылдың рухани әлеуетін арттырып, жас ұрпаққа жарқын болашақтың негізін қалауға үлкен үлес қосады.