
Ұлыстың ұлы күні – күн мен түн теңеліп, табиғат жаңарған көктем мерекесі Жыланды ауылдық округінде ерекше сән-салтанатпен «Қош келдің, Әз-Наурыз!» атты мерекелік көпшілік іс-шара аясында атап өтілді.
Мерекелік шараның ашылуында алғашқы құттықтау сөз округ әкімі М. Садуақасовқа беріліп, ол барша тұрғындарды Наурыз мерекесімен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.
Іс-шара барысында ұлттық дәстүрлер кеңінен насихатталып, киіз үйлер тігіліп, қонақтарға наурыз көже мен ұлттық тағамдар ұсынылды. Сонымен қатар тұсаукесер, бата беру, шашу шашу, аластау рәсімдері көрсетіліп, ауыл өнерпаздары мен мектеп оқушылары ән мен биден шашу шашты.
Мереке аясында ұлттық және спорттық ойындар ұйымдастырылып, арқан тартыс, қошқар көтеру, серке көтеру, лақ көтеру, садақ ату, асық ату, кір тасын көтеру, қол күресі және волейбол жарыстары өткізілді. Сайыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар марапатталды.
Ауыл ақсақалдары елдің амандығы мен бірлігі үшін ақ батасын беріп, тұрғындарды татулық пен ауызбіршілікке шақырды. Мәдениет үйі қызметкерлері бастаған өнерпаздар тобы киіз үйлерді аралап, ән-шашу ұсынып, бауырсақ, құрт, ірімшік таратып, мерекелік көңіл-күй сыйлады. Сондай-ақ, Жыланды мектеп-лицей-интернаты ұжымы ыстық бауырсақ пісіріп, жиналған қауымға ұсынды.
Шара соңында мерекені ұйымдастыруға белсене атсалысқан азаматтарға алғыс білдіріліп, сый-сияпат табысталды.
Көктемнің шуақты мерекесі ауыл тұрғындарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, ұлттық құндылықтар мен бірліктің жарқын көрінісіне айналды. Жыланды ауылдық округі әкімдігі атынан мерекені ұйымдастыруға үлес қосқан барлық мекемелерге, ауыл тұрғындарына, демеушілерге және белсенді азаматтарға шынайы алғыс білдіреміз.