
Жыланды ауылдық мәдениет үйінде Алғыс күніне орай «Алғыс – айту парызым» атты мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Аталған шара барысында ауылдық мәдени іс-шараларға белсене қатысып жүрген «Шежіре тәлім-өнер отауы» үйірмесінің ардақты ата-әжелеріне құрмет көрсетілді.
Көпшіліктің ризашылығына бөленіп жүрген қарияларға ауылдың қоғамдық өміріне қосқан үлесі үшін алғыс білдіріліп, арнайы сый-құрмет жасалды.
Іс-шара барысында округ әкімі М. Садуақасов пен мәдениет үйінің директоры Э. Мукашева ақ жаулықты әжелер мен ақсақалдарға жылы лебіздерін білдіріп, алғыс хаттар табыстады. Сонымен қатар ауылдық кітапханашы А. Ақтымбаева мерекеге орай ұйымдастырылған «Адамға жылу сыйлау – үлкен жүректің ісі» атты кітап көрмесімен таныстырып, қатысушыларды кітап оқуға шақырды.
Сондай-ақ мәдениет саласына қосқан елеулі еңбегі үшін және мерейлі 50 жасқа толуына орай көркемдік жетекші А. Қасымовқа ауыл тұрғындары атынан Алғыс хат табысталды. Іс-шара барысында әкімшілік пен мәдениет үйі қызметкерлері дастархан жайып, мерекелік концерт ұйымдастырды.
Осындай тағылымды кездесулер ұрпақтар сабақтастығын нығайтып, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету дәстүрін дәріптеуге ықпал етеді.