
Жыланды ауылдық мәдениет үйінде «Екі жұлдыз» шоу бағдарламасы ұйымдастырылды. Аталған мәдени-көпшілік іс-шараға мектеп ұстаздары мен оқушылардан құралған 7 жұп қатысып, көрермендерге жоғары деңгейдегі өнерлерін ұсынды. Кешке жалпы саны 130 көрермен жиналып, қатысушыларға зор қолдау білдірді.
Шараның негізгі мақсаты – өнерлі жандарды бір сахнаға тоғыстырып, олардың шығармашылық қабілеттерін дамыту, сахна мәдениетін қалыптастыру және ауыл тұрғындарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлау.
Байқау екі номинация бойынша өткізілді: дәстүрлі ән және заманауи ән. Әр жұп өз өнерлерін лайықты деңгейде көрсетіп, орындаушылық шеберліктері мен сахнадағы үйлесімділіктерін паш етті.
Қазылар алқасы қатысушылардың дауыс мүмкіндіктерін, сахна мәдениетін, жұптық үйлесімділігін, орындау шеберлігін және көрерменмен байланысын бағалады.
Іс-шара ауыл мәдениетінің дамуына оң серпін беріп, өнерге деген қызығушылықты арттыруға ықпал етті. Байқау қорытындысы бойынша барлық қатысушыларға алғыс хаттар табысталып, шара естелік суретке түсумен аяқталды.