Алакөл ауданында «Алакөл–2025» жазғы спартакиадасы өтті

Алакөл ауданында «Алакөл–2025» жазғы спартакиадасы өтті

2025 жылғы 18–19 шілде күндері Алакөл ауданы, Ақши ауылында «Алакөл–2025» атты ауқымды жазғы спартакиада өтті.

Спорттық іс-шараның басты мақсаты – бұқаралық спортты дамыту арқылы жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау және діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу болып табылады.

Жетісу облысының әр өңірінен келген спортшылар екі күн бойы өзара бақ сынасты. Спартакиадаға 400-ге жуық спортшы қатысып, жағажай волейболы, футбол, үстел теннисі және арқан тартыс сияқты спорт түрлері бойынша жарысты. Жарыстар Алакөл көлінің жағалауында өткізілді.

Спартакиаданың салтанатты ашылу рәсіміне Жетісу облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ұлан Рысқұл қатысып, жарысқа қатысушыларға сәттілік пен жарқын жеңіс тіледі. Сонымен қатар, Алакөл ауданы әкімінің орынбасары Мәулен Төлеужанов құттықтау сөз сөйлеп, спортшыларға жоғары көрсеткіштер мен табысқа жетуіне тілектестігін білдірді.

Жарыс нәтижесі бойынша командалық есепте 1 орынды Талдықорған қаласының командасы, 2 орынды Алакөл ауданының құрамасы және 3 орынды Кербұлақ ауданының командасы иеленді.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге алғыс хаттар, дипломдар, медальдар және арнайы кубоктар табысталды.

Дереккөз: Алакөл ауданы әкімінің ресми сайтынан алынды