Наурыз – бірлік пен берекенің мерекесі

Наурыз – бірлік пен берекенің мерекесі

 

Ынталы ауылдық округінде 22 наурыз күні Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы кең көлемде аталып өтті. Мерекелік іс-шараға ауыл тұрғындары белсене қатысып, ұлттық дәстүр мен салт-сананы дәріптеген мазмұнды мереке ұйымдастырылды.

Ауыл көшелері бойында ақ дастархан жайылып, тұрғындар бір-біріне Наурыз көже ұсынып, ізгі тілектерін білдірді. Бұл күні бірлік пен татулықтың, кеңпейілділіктің үлгісі айқын көрінді.

Мерекелік бағдарлама аясында концерт ұйымдастырылып, ауылдың өнерлі жастары мен балалары ән айтып, би билеп, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Ұлттық нақыштағы қойылымдар мен өнер көрсетілімдері көпшілік көңілінен шықты.

Сонымен қатар, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өткізіліп, қатысушылар өз бақтарын сынады. Атап айтқанда, қыздар мен ұлдар арасында қол күресі, қап көтеру, ұлдар арасында арқан тартыс, гір көтеру, әртүрлі салмақ дәрежесінде қазақ күресі ұйымдастырылды. Мерекенің ең тартымды сәттерінің бірі – өгіз көтеру сайысы болды, ол көрермендердің ерекше қызығушылығын тудырды.

Жарыс жеңімпаздары арнайы марапаттарға ие болып, олардың жетістіктері көпшілік алдында атап өтілді.

Жалпы, Ынталы ауылдық округінде өткен Наурыз мейрамы жоғары деңгейде ұйымдастырылып, тұрғындарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, ұлттық құндылықтарды насихаттауға зор үлес қосты.