
Тыл еңбеккерлері — Ұлы Жеңістің қаһармандары
Бүгінде Үшарал қаласында Ұлы Отан соғысы жылдары тылда аянбай еңбек еткен 31 ардагер бар. Олар – майдан шебінде қару ұстаған жауынгерлермен бірдей, Отан үшін ерен еңбек еткен жандар. Қиын-қыстау күн кешіп, ауыр жұмыстарды арқалаған бұл ардагерлер — Жеңісті жақындатуға үлкен үлес қосқан батырлар.
Алакөл ауданында Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай тыл ардагерлеріне ерекше құрмет көрсетілді. Осыған орай, Үшарал қаласының әкімі М.Сайдильдинов денсаулығына байланысты көпшілік шараға қатыса алмайтын тыл ардагерлерінің үйіне арнайы барып, Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К Тоқаевтың “Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 80 жыл” мерекелік медалін табыстады.
Ардагерлер шынайы алғыстарын білдіріп, ризашылықтарын жеткізді.
Олар бейбіт өмір сыйлаған Жеңіс күнінің құндылығы ешқашан ұмытылмауы керектігін айтып, бүгінгі ұрпақтың амандығы мен елдің тыныштығын тілеп, ақ баталарын берді.