
Мемлекеттік қызмет көрсету – халыққа сапалы қызмет етудің кепілі
Бүгінде мемлекеттік қызмет көрсету жүйесін жетілдіру – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету, қызметтердің ашықтығы мен қолжетімділігін арттыру – біздің басты міндетіміз.
Мемлекеттік қызмет көрсету саласында соңғы жылдары ауқымды өзгерістер жүзеге асырылуда. Қызметтердің басым бөлігі электрондық форматқа көшіріліп, азаматтарға уақыт пен қаражатты үнемдеуге мүмкіндік берілді. «Электрондық үкімет» порталы, мобильді қосымшалар және халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы көптеген қызметтерді үйден шықпай-ақ алуға болады. Бұл – мемлекеттік аппарат жұмысының тиімділігін арттырып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетудің нақты қадамы.
Біздің мекемеде де мемлекеттік қызметтерді сапалы әрі уақтылы көрсетуге ерекше көңіл бөлінеді. Әрбір өтініш заңнама талаптарына сәйкес қаралып, белгіленген мерзімде жауап беріледі. Қызмет алушыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп, мамандар тарапынан кеңестер беріледі.
Сонымен қатар, кері байланыс орнату тетіктері жетілдірілуде. Азаматтардың ұсыныстары мен пікірлері назардан тыс қалмайды. Бұл – қызмет сапасын арттырудың және халық сенімін нығайтудың маңызды құралы. Мемлекеттік қызмет көрсету сапасы – тек көрсеткіштермен өлшенбейді, ол ең алдымен азаматтардың қанағаттану деңгейімен бағаланады.
Алдағы уақытта да мемлекеттік қызметтерді цифрландыру, рәсімдерді оңтайландыру және артық әкімшілік кедергілерді жою бағытындағы жұмыстар жалғасатын болады. Біздің мақсатымыз – әрбір азаматқа қолжетімді, ашық әрі сапалы қызмет көрсету.
Мемлекеттік қызмет – бұл үлкен жауапкершілік. Сондықтан біз әрдайым кәсібилік пен адалдық қағидаттарын басшылыққа ала отырып, халық игілігі үшін қызмет етуді басты міндетіміз деп санаймыз.
«Алакөл ауданы Үшарал қалалық округі әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінің бас маманы Кампитова Шолпан Қасымсерікқызы.