Аудан басшысы қала тұрғындарымен кездесті

Аудан басшысы қала тұрғындарымен кездесті

Аудан басшысы қала тұрғындарымен кездесті

Бүгін З.Қойшыбаева атындағы мәдениет үйінде аудан әкімі Алмас Абдинов Үшарал қаласының тұрғындарымен еркін форматта кездесу өткізді.

Шараның мақсаты - жергілікті халықтың ұсыныс-пікірлерін, өзекті мәселелерін тыңдау, сондай-ақ аудан аумағында жүзеге асырылып жатқан жұмыстар жөнінде жұртшылықты кеңінен хабардар ету болды.

Кездесудің басында аудан әкімі өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне тоқталып, жүзеге асып жатқан ірі инфрақұрылымдық жобалар, жол жөндеу, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды жаңғырту, денсаулық сақтау және мәдениет салаларындағы жоспарлы жұмыстар жөнінде тоқталып өтті.

Жиын барысында тұрғындар тарапынан бірқатар нақты мәселелер көтерілді. Атап айтқанда, тұрғын үй алу мәселесі, Д.Қонаев көшесіндегі №80 көпқабатты тұрғын үйдің техникалық жағдайы, №2 әскери қалашықтағы жертөленің жағдайы, М.Мәметова көшесіне түнгі жарық шамдарын орнату қажеттілігі, Нұрмұхамедов көшесіне асфальт жамылғысын төсеу мәселелері көтеріліп, талқыланды.

Аудан әкімі көтерілген әрбір мәселені жеке қарастырып, тұрғындардың сұрақтарына қолданыстағы заңнама аясында нақты жауаптар ұсынды. Сонымен қатар, бірқатар мәселелер бойынша жауапты мемлекеттік мекемелерге және уәкілетті органдарға тиісті тапсырмалар жүктеліп, бақылауға алынатыны жеткізілді.

Кездесу соңында Алмас Сапарғалиұлы тұрғындардың белсенділігіне алғысын білдіріп, жергілікті билік пен халық арасындағы ашық диалогтың әрі қарай да жалғасын табатынын атап өтті.