21 наурыз күні округ тұрғындары Ұлыстың ұлы күнін ерекше сән-салтанатпен атап өтті. Көктемнің жарқын мерекесі қарсаңында округ әкімі құттықтау сөз сөйлеп, жиналған қауымды Наурыз мейрамымен құттықтады.
Сондай-ақ, мерекеге орай округтегі мекеме басшылары: Тоқжайлау көпсалалы колледжінің директоры, Тоқжайлау орта мектебінің директоры, «Гүлім-ай» балабақшасының меңгерушісі, Мәдениет үйінің директоры және ауыл шаруашылық өндірістік кооперативінің басшысы жүрекжарды лебіздерін білдірді.
Мереке аясында ұлттық ойындар ұйымдастырылып, көпшілік асық ату, арқан тартыс, қазақ күресі сияқты дәстүрлі жарыстарға қатысты. Сонымен қатар, округ тұрғындарына арналған мерекелік концерт өтіп, өнерпаздар ән мен биден шашу шашты.
Мерекенің жалғасы ретінде Тоқжайлау орта мектебінде волейбол жарысы өтті. Оған төрт команда қатысып, қызықты әрі тартысты ойын өрнегін көрсетті. Жарыс нәтижесінде ауыл жастарының командасы бірінші орынға ие болды.
Мерекенің мәнін арттырып, ауыл ақсақалы көпшілікке ақ батасын берді. Осындай игі дәстүрлер арқылы ынтымақ пен бірлік нығайып, елдің берекесі арта түсті.
Наурыз мейрамы баршаға құтты болсын!