Қамысқала ауылдық округінде Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы аталып өтті

Қамысқала ауылдық округінде Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы аталып өтті

22 наурыз күні Қамысқала ауылдық округінде Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы аталып өтіп, ауыл тұрғындарына көтеріңкі көңіл-күй мен ерекше әсер сыйлады. Береке мен бірліктің, татулық пен жаңарудың мерекесі саналатын әз-Наурыз ауыл тұрғындарының басын қосып, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтай түсті.

Мерекелік шараның ашылуында ауыл ақсақалы Абдрахманов Жайыл атамыз ақ батасын беріп, жиналған көпшілікке ізгі тілегін арнады. Сонымен қатар ақ жаулықты әжелер шашу шашып, мерекенің сәнін келтіріп, халқымыздың ақжарма дәстүрін паш етті.

Іс-шара барысында Қамысқала ауылдық округінің әкімі Кобдиков Талғат Саятұлы ауыл тұрғындарын Наурыз мерекесімен құттықтап, ізгі тілегін білдірді. Өз сөзінде ол Наурыз мейрамының халқымыз үшін маңызы зор екенін атап өтіп, әр шаңыраққа амандық, бақ-береке, ынтымақ пен ырыс тіледі.

Мерекелік бағдарлама аясында қазақ халқының салт-дәстүрлері кеңінен көрініс тапты. Ұлттық болмысымызды дәріптейтін тағылымды көріністер көпшілік назарына ұсынылып, ұлттық мұраның мән-маңызы насихатталды. Бұл көріністер ауыл тұрғындарына ерекше әсер қалдырып, жас ұрпаққа ата-баба дәстүрін дәріптеудің жарқын үлгісін көрсетті.

Сонымен қатар мектеп оқушылары дайындаған концерттік бағдарлама көпшілік көңілінен шықты. Оқушылар ән айтып, би билеп, мерекелік кештің мазмұнын арттыра түсті. Жас өнерпаздардың өнері көрермендер тарапынан ыстық ықыласпен қабылданып, зор қошеметке ие болды.

Наурыз мейрамының басты дәстүрлерінің бірі – кең дастархан жаю да бұл күні ерекше ұйымдастырылды. Ауылдағы мекемелер, ұжымдар және көше тұрғындары бірлесіп, наурыз көже мен ұлттық тағамдарға толы ақ дастархан жайды. Ауыл тұрғындары жайылған дастарханнан дәм татып, наурыз көжеден ауыз тиіп, мерекелік көңіл-күйді бірге бөлісті. Бұл ауыл ішіндегі ауызбіршілік пен татулықтың жарқын көрінісіне айналды.

Мереке барысында ұлттық ойындар да ұйымдастырылып, жұртшылықтың қызығушылығын арттырды. Атап айтқанда, арқан тарту, қой көтеру, шеге қағу эстафетасы сынды ұлттық ойындар ойнатылып, оған ауыл жастары мен тұрғындары белсене қатысты. Қатысушылар өз бақтарын сынап, ептілік пен күш-жігерлерін көрсетті.

Ұлттық ойындардың қорытындысы бойынша жеңімпаздар анықталып, оларға ақшалай сыйлықтар табысталды. Бұл өз кезегінде қатысушылардың мерекеге деген белсенділігін арттырып, сайысқа ерекше серпін берді.

Наурыз мейрамы – тек мерекелік шара ғана емес, ол халқымыздың ынтымағы мен бірлігін, салт-дәстүрі мен мәдениетін ұлықтайтын ұлы мереке. Қамысқала ауылдық округінде ұйымдастырылған бұл игі шара ауыл тұрғындарының көңілінен шығып, ұлттық рухты көтерген мазмұнды мереке болды.