Алакөл ауданында «Батагөй қария» атты аудандық байқау жоғары деңгейде өтті
Наурызнама онкүндігі аясында 16 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күніне орай З.Қойшыбаева атындағы аудандық мәдениет үйінде «Батагөй қария» атты аудандық байқау ұйымдастырылды. Тағылымы мол шараның басты мақсаты – халқымыздың асыл мұрасы саналатын бата беру дәстүрін жаңғыртып, оның тәрбиелік мәнін кейінгі ұрпаққа жеткізу.
Байқауға ауданның ауылдық округтерінен келген батагөй қариялар қатысып, ұлттық дәстүріміздің мәйегі саналатын ақ тілектер мен тағылымды баталарды нақышына келтіре орындады. Қатысушылар үш кезең бойынша бақ сынап, өздерін таныстырып, еркін тақырыпта бата берді, әділқазылар ұсынған тақырыптарға суырыпсалма бата шығарып, заманауи өмірге бейімделген тағылымды баталарымен көрерменнің ықыласына бөленді.
Шара барысында қатысушылардың шешендігі, сөз саптауы, ұлттық дәстүрді дәріптеуі жоғары бағаланды. Байқауды аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы мен мәдениет саласының өкілдерінен құралған әділқазылар алқасы саралады.
Байқау қорытындысы бойынша:
•І орын – Нұрмұхамедов Жайлаубай Тұрсынұлы
•ІІ орын – Мукашев Қамет
•ІІІ орын – Шыныбаев Ерік
Сондай-ақ арнайы номинациялар бойынша:
•«Өнегелі бата» – Абдыкеров Тұрысхан
•«Шешен қария» – Бисаринов Ақан Жақанұлы
•«Ұлағатты сөз иесі» – Қазиев Советхан Бодаубайұлы марапатталды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы дипломдар мен ақшалай сыйлықтар табысталды.
Тағылымды шара барысында үлкендердің баталы сөзі, даналығы мен өмірлік тәжірибесі жас ұрпаққа үлгі болып, ұлттық құндылықтардың маңызын тағы бір мәрте айқындай түсті. «Жауынменен жер көгерер, батаменен ел көгерер» деген дана халқымыздың сөзі бүгінгі байқауда кеңінен көрініс тапты.
Бұл игі бастама ұлттық салт-дәстүрімізді дәріптеп, рухани құндылықтарды ұлықтауға үлкен үлес қосты.
Дереккөз: Алакөл ауданы әкімінің ресми сайтынан алынды.