
Қамысқала ауылдық округінде 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне арналған мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Іс-шараға ауыл тұрғындары, ардақты аналар, көпбалалы аналар, қыз-келіншектер және мекеме қызметкерлері қатысты.
Мерекелік шара барысында Қамысқала ауылдық округінің әкімі барша әйелдер қауымын көктемнің шуақты мерекесі – 8 наурыз Халықаралық әйелдер күнімен құттықтады. Құттықтау сөзінде әйел-аналардың отбасы мен қоғамдағы орны ерекше екені атап өтіліп, ауылдың дамуына, қоғамдық жұмыстарға белсене араласып жүрген нәзік жандыларға ризашылық білдірілді.
Шара барысында ауылдың қоғамдық өміріне белсене қатысып, округтің әлеуметтік-мәдени дамуына үлес қосып жүрген бірқатар азаматшаларға Қамысқала ауылдық округі әкімінің Алғыс хаттары табысталды. Сонымен қатар мереке құрметіне арнайы сыйлықтар берілді.
Мерекелік іс-шара аясында мектеп оқушыларының қатысуымен концерттік бағдарлама ұсынылды. Оқушылар ән айтып, би билеп, мерекеге арналған көркем шығармаларын орындады. Дайындалған концерттік нөмірлер көпшілік назарына ұсынылып, шара мазмұнын арттыра түсті.
Аталған мерекелік іс-шара әйелдер қауымына құрмет көрсетудің жарқын көрінісі болды. Қамысқала ауылдық округінде аналар мен қыз-келіншектерге құрмет білдіру, олардың қоғамдағы еңбегін бағалау бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.