
Қамысқала ауылдық округі аумағында кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қолайсыз отбасылардың алдын алу мақсатында жоспарлы түрде түсіндіру-профилактикалық шаралар ұйымдастырылуда. Осы бағыттағы жұмыстар аясында Алакөл АПБ-нің ККБ УПИ полиция капитаны Б. Жұмағалиевпен бірлесіп бірқатар іс-шаралар өткізілді.
Аталған шаралар барысында округ аумағындағы тұрғын үйлерге мекенжайлық аралау жүргізіліп, профилактикалық есепте тұрған және әлеуметтік тұрғыдан осал санаттағы отбасылардың жағдайы зерделенді. Сонымен қатар ата-аналарға балалардың құқықтары мен міндеттері, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, құқық бұзушылықтың алдын алу, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жолын кесу және қауіпсіз орта қалыптастыру мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Профилактикалық іс-шаралар кезінде кәмелетке толмағандардың қараусыз қалуының алдын алу, мектепке бару тәртібін бақылау, қауіпті жағдайлардың ерте алдын алу мақсатында профилактикалық бақылау шаралары да жүзеге асырылды. Тұрғындарға құқық бұзушылықтың салдары мен жауапкершілігі, соның ішінде әкімшілік және қылмыстық жауаптылық туралы ақпарат беріліп, заң талаптарын сақтау қажеттілігі түсіндірілді.