19 шілдеде Алакөл ауданының Ақши ауылында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында «TazaLake Alakol» атты экологиялық акциясы ұйымдастырылды. Іс-шара аясында экоПост пен экоПлоггинг ұйымдастырылып, демалушылар мен жолаушылар арасында экологиялық мәдениетті арттыруға бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Шараның басты мақсаты – жастар мен тұрғындар арасында табиғатқа жанашырлықты арттырып, қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыру, сондай-ақ «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатын дәріптеу.
«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Ақши ауылының кіреберісіне эко-пост орнатылып полиция қызметкерлері мен еріктілерден құралған жастар жолаушыларға арналған ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, арнайы дайындалған экоқаптамаларды (қолғаптар, қоқысқа арналған қаптар және акция жайлы мәлімет қамтылған брошюралар) таратылды. Бұл қаптамалар демалушылардың табиғат аясында қоқысты бейберекет тастамай, өзімен бірге алып кетуіне немесе арнайы орындарға тастауына ықпал етті. Шара барысында демалушылар қоршаған ортаны таза ұстаудың маңыздылығы туралы құнды ақпарат алып, өз жауапкершілігін сезінуге шақырылды. Экошараға «Жасыл ел» жасақтары, еңбек жасақтары, волонтерлар, эко-волонтерлар және демалушылар жалпы 250-ге жуық адам қатысты, 60 қап қоқыс жинады.
«Jetisy jastary» КММ директорының орынбасары Арнай Рақымберліұлы:
«Бүгінгі «TazaLake Alakol» экологиялық акциясына белсене қатысқандарыңыз үшін алғыс айтамын. Біщ бұл шарада жастардың экосанасын оятып, табиғатқа жауапкершілікпен қарауға үндеуді мақсат еткенбіз. Оған қоса біз «Адал адам - Адал еңбек - Адал табыс» қағидатын насихаттадық. Туған жердің табиғатын қорғау - патриотизмнің бастауы. Бұл бастаманы жалғастыруымыз керек», - деді.
Мадина, Алматы қаласынан келген демалушы:
«Алакөлге бара жатқанда жол бойындағы посттан қолғап пен қап алып, қоқыс жинадық. Балалармен бірге бірнеше жерде тоқтап, бөтелке мен пакеттерді жинап, арнайы пунктке өткіздік. Сыйлық алып, балалардың табиғатты қорғау маңызын түсінуіне көмектестік. Осындай акциялар жиі болса жақсы болар еді», - деді.
Міне, «TazaLake Alakol» экологиялық акциясы табиғатты қорғау мәдениетін қалыптастырудың нақты үлгісіне айналды. Қатысушылардың айтуынша, мұндай шаралар тек табиғатты таза ұстауға ғана емес, сонымен бірге адамдардың санасында жауапкершілік пен жанашырлық сезімін оятуға көмектеседі. Алдағы уақытта да Алакөл көліне апаратын жол бойында және Жетісу облысының басқа да туристік бағыттарында осындай экологиялық бастамаларды жиі өткізу жоспарланып отыр.
Облыстық қоғамдық даму басқармасының мәліметі бойынша.
Дереккөз: Алакөл ауданы әкімінің ресми сайтынан алынды