19-өңір: Жетісу облысында көліктің жаңа тіркеу номерін алғашқы болып 35 жастағы тұрғын алды
ТАЛДЫҚОРҒАН. - Қайта құрылған Жетісу облысында көліктің мемлекеттік тіркеу номері беріле бастады, - деп хабарлайды Жетісу облысындағы Халыққа қызмет көрсету орталығының баспасөз қызметі.
Тарихи сәтте ең алғашқы болып көлігіне жаңа мемлекеттік номер алған Біржан Жаңғабылов.
"Елімізде Жетісу облысы 19-өңір болып тіркелді. Соған сәйкес 019 ААV 19 номерін автокөлігіме алдым. Тіркеу 20 қыркүйек күні түнгі сағат 23:30 да жүргізілді. Ал көлік номері бүгін таңертеңгі сағат 09:00 де берілді. 35 жастамын. Талдықорған қаласының тұрғынымын. Осындай тарихи сәттің куәсі болғанға қуаныштымын", - деді Біржан Жаңғабылов.
Жетісу облысына жаңа номерлерді тіркеу 20-шы қыркүйектен басталды. Ал бүгіннен бастап тұрғындардың қолына номерлері беріле бастады.
"Жалпы Жетісу облысына 19-шы аймақ бойынша 500-ге жуық көліктің мемлекеттік тіркеу нөмірлері келді. 20-шы қыркүйектен бастап оны тіркеп, берілу басталды. Сондай-ақ бұған дейін Алматы облысының 05 мемлекеттік тіркеу номерімен жүрген Жетісу облысының тұрғындары көліктерін қайта тіркеуге ауыстырғанға дейін ескі номерлерімен жүруге болады",- деді Талдықорған қаласындағы мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталығы бөлім басшысының міндетін атқарушы Болат Айманбетов.
Айта кетейік, бүгін Жетісу облысында 150-ден аса адам көліктің жаңа мемлекеттік тіркеу номерін алып үлгерген.