ҚАДЫР АҒАНЫҢ ҚАДІРЛІ СӨЗІ...

ҚАДЫР АҒАНЫҢ ҚАДІРЛІ СӨЗІ...

Басқа тілді білу - әрине, мақтаныш. Әйтсе де өз ана тілін аяқ асты етуге болмайды.Ана тілің – арың бұл, Ұятың боп тұр бетте. Өзге тілдің бәрін біл, Өз тіліңді құрметте, – дейді талантты ақын Қадыр Мырза Әли ағамыз.

Тіл – өлшеусіз қазына, өрісі кең әлем, асыл ойдың бұлағы, ұлттың жан дүниесі.Тілдің құдіреті — ерекше. Сол себепті,тіл – қай ұлтта, қай елде болсада қастерлі, құдіретті. Ол әрбір адамға ана сүтімен бірге бойға сіңіп, қалыптасатын, атадан балаға мирас болып қалып отыратын баға жетпес мұра, елдің ұлттық мақтанышы.

Қай қоғамда да тіл мәселесі болатыны белгілі. Біздің ұлтта да тіл өзекті мәселе болып отыр. Қазақстанда қазақ тілі – мемлекеттік тіл. Солай бола тұрса да бізде қазір көптеген қандастарымыз үй ішінде, сыртта, қоғамдық орындарда орысша сөйлеп, қазақ тілінің сөйлеу өрісін тарылтып, қолданылу аясын әлсіретеді, тіпті жоғарғы жақтағы басшылардың өздері орыс тілінде сөйлейді, қазақша сөйлегеннің өзінде шұбарлап сөйлейді. Басты кемшілігіміз – осы. Қазір көптеген жастар ана тілін дұрыс білмейді. Ауылдық жерде жақсы, қалалық жерлерде тіл құнарлылығы сұйыла түскен.

Бұл мәселені қалпына келтіру үшін, алдымен мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында, қоғамдық қатынастардың барлық салаларында қолданылатын тіл болғандықтан, жүргізілетін барлық іс - қағаздары мен құжаттар мемлекеттік тілде болуы тиіс.

Екіншіден мектепке барған қазақ баласы – қазақ сыныбында оқуы керек. Мейлі аралас мектептер бола берсін, Қазақстан көп ұлтты, ұлтаралық береке - бірлігі жарасқан мемлекет қой. Мен аралас мектептер жабылсын деп тұрғаным жоқ. Ақсу ауданында да, әсіресе аудан орталығы Жансүгіров ауылында қаншама ұлт өкілдері тұрады, білім алады. Менің айтпағым қазақ баласы қазақша оқуға міндетті. Өзінің қызы орыс сыныбында оқиды, кімге ақыл айтады дейтіндер де болар? Мен қызметте болғандықтан үлкен қызым Арайлым апасының қолында өсті. Мектепке де апасы апарған. Орыс сыныбына да апасы берген екен. Алғашында мен қарсы болдым да артынан келістім. Биылғы жылы 100 жылдығы тойланған академик Жүрімбек Сыдықов атындағы орта мектептің бастауыш сыныбын бітірді. Сынып жетекшісі Рамазанова Қарлығаш Қожахметқызының да ұлты қазақ. Қазақ тілі пәнінің мұғалімі Бірлестікова Сандуғаш Берікқызы оқушылары ауданда өтетін оқулардан жүлде алған, тәжірибелі ұстаз. Міне осындай ұстаздардың арқасында қызым орысша да, қазақша да жетік біліп, үздік оқушы атанды. Мен өзім кей кезде қызмет барысында ұялы телефон арқылы кейбір адамдармен орысша сөйлесуіме тура келеді. Қаладан біздің газетке хабарландырулар беріп жатады. Сол кезде менің орысшама қызым күліп, кемшіліктерім мен қателерімді түзетіп отырады. Енді Алла бұйырса 5 сыныптан бастап, жаңа оқу жылында жоғары сыныптарын қазақ сыныбына берсем деп отырмын.     

Ал енді үшіншіден қазақша ойлауды жетілдіру. Ол үшін буыны қатаймаған балаға патриоттық тәрбие беру. Баланың санасын ояту, өскелең ұрпақтың ой - өрісін кеңейту үшін, олардың қызығушылығындағы әлемдік әдеби шығармаларды мемлекеттік тілге сапалы етіп аудару, қазақша сайттар санын көбейту т.б. жолдармен  мемлекеттік тілге қызығушылықты арттырып, сол тілдегі ұшқыр ойлардың егесі болуға жетелеу;

Бұл үшінші мәселе әрбір ата – ананың ойында бар шығар. Себебі әрбірінің баласы кішкентай кездерінен ұялы телефонға таласып, сол телефонның тәрбиесімен өсіп келе жатқаны атпаса да түсінікті. Жыламай тыныш отырсын деп тіпті өзіміз беріп қоямыз. Сол жердегі «Машаның» қылықтары баланың бойына сол кезден бастап сіңе береді. Орысша, ағылшынша тілді сол жерден меңгереді. Тіпті кейде балаңа ұрыссаң, саусағын шошайтып, «No no no» деп өзіңе ұрсады. Тіліне қызығып, күлеміз. Кейін оның қандай әсері боларын түсінбейміз.

Сөз соңында айтарым: Тарих ғылымының докторы, профессор Нәбижан Мұқамедханұлы: «Алтынды басқаларға қаздырып алармыз, бірақ қазақ тілін басқалар арқылы дамыта алмаймыз. Қазақ тілін тек қазақ халқының өзі ғана мемлекеттік тіл деңгейіне жеткізе алады. Ұлттық тіліміздің, мемлекеттік тіліміздің мәртебесін көтеруге барлық қазақ ортақ күш салуға тиіспіз деп ойлаймыз» - деп жазған екен. Иә, ендеше ойымды бір ақынның тамаша айтылған сөзімен қорытындылайын. Алдымен мақала басында келтірген Қадыр ағамыздың сөзін тағы бір қайталайын:

Ана тілі – арың бұл,

Ұятың боп тұр бетте.

Өзге тілдің бәрін біл.

Өз тіліңді құрметте... 

Ал мына өлең жолдары осы ойды жалғастырып тұрғандай:

Тіл мен ақыл бір - бірімен мәңгілікке тамырлас,

Ол екеуін ұштастырмай сенің басың қамыр бас.

Ғалым болып жеңіп «Нобель» алсаң да,

Сенің тұла бойыңнан, оқтай ұшқыр ойыңнан,

Тілің салған қара дағың арылмас.

 

Ләззат Қалмұхамбетова,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Ақсу аудандық

«Ақсу өңірі» газетінің бас редакторы.