
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің тапсырмасына сәйкес, Агенттіктің Жетісу облысы бойынша департаментімен мемлекеттік органдардың қызметшілеріне еңбек демалысын беру мен іссапар шығындарын төлеу талаптарының және мемлекеттік әкімшілік қызметшілердің сыйақы алу кезіндегі құқықтарының сақталуына тұрақты түрде талдау жүргізілуде.
«Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 57-бабының 1-тармағына сәйкес, Мемлекеттiк қызметшілерге Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын тәртiппен қызметтiк iссапарларға, оның iшiнде шет мемлекеттерге iссапарға баруға арналған шығыстары өтеледi.
Мемлекеттік қызметшілерге және мемлекеттік органдардағы келісімшарттық қызметшілерге іссапарда болған уақытына тәулікақы алуға, межелі жерге жету және кері қайту үшін жүріп-тұру шығыстарына, тұрғын үй-жай жалдау шығыстарына Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген кепілдіктер мен құқық қолданылады.
Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2018 жылғы 11 мамырдағы №256 қаулысымен бекiтiлген Бюджет қаражаты есебінен қызметтік іссапарларға, оның ішінде шет мемлекеттерге қызметтік іссапарларға арналған шығыстарды өтеу қағидаларының 3-тармағының 1), 2) және 5) тармақшаларына сәйкес, iссапарда жүрген мемлекеттік қызметшілерге тәулiкақы, тұрғын үй-жайды жалдау және жол жүру шығыстары өтеледі.
Бұл ретте, Департаментпен жүргізілген талдау барысында кейбір жергілікті атқарушы органдарымен 174 мемлекеттік қызметшіге қызметтiк iссапарларға арналған шығыстарының өтелуі толық көлемде жүргізілмегендігі анықталды.
Нәтижесінде мемлекеттік органдарға жоғарыда орын алған бұзушылықтарды жою және мемлекеттік қызметшілердің қызметтiк iссапарларда болу кезеңіндегі тиісті шығыстарының өтелуін қамтамасыз ету мақсатында Департаментпен енгізілген ұсынымдардың негізінде 174 мемлекеттік қызметшінің бұзылған құқықтары қалпына келтіріліп, 850000-ға жуық теңге көлемінде іссапар шығындары төленді.
Осылайша, жүргізілген талдау көрсеткендей кейбір мемлекеттік органдардың тарапынан мемлекеттік қызметшілердің Заңда көзделген құқықтарының тиісті дәрежеде сақталмау фактілері әлі де орын алуда және талдау қорытындысымен мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік кепілдіктеріне қатысты бірқатар бұзушылықтарға жол берілгенді анықталды.
Жоғарыда аталған заңбұзушылықтарды алдағы уақытта алдын алу, оларға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою мақсатында ағымдағы жылдың ақпан айында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жетісу облысындағы Әдеп жөніндегі кеңесінің отырысында қарастырылып, мемлекеттік органдарға тиісті іс - шаралар қабылдай отырып, басшы тарапынан қатаң бақылауға алу қажеттілігі туралы ұсынымдар енгізілді.
Әдеп жөніндегі кеңестің отырыстарында мемлекеттік қызметшілердің құқықтары мен мүдделерін қорғау мәселесі алдыңғы қатарда. Мемлекеттік қызметшілердің жұмыс әрекеттері тиімді ғана емес, сонымен қатар заңды болуы керек. Басшылар тарапынан заң нормаларын сақтамай қабылданған шешімдер мемлекеттік қызметшілердің құқықтарының бұзылуына әкеледі, бұл өз кезегінде жалпы мемлекеттік органға деген сенімге нұқсан келтіреді.
Аталған бағыттағы жұмыстарды нәтижелі жүзеге асыру айрықша маңызды. Мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын қалпына келтіру және қорғау жөніндегі жұмысы мемлекеттік органдарға деген сенімді нығайтуға, көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға және мемлекеттік қызметшілердің кәсіби қызметі үшін қолайлы жағдайлар жасауға ықпал етеді.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік
қызмет істері агенттігінің
Жетісу облысы бойынша департаментінің
басшысы, Әдеп жөніндегі кеңестің
төрағасы - Қ. Манап