
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жетісу облысы бойынша департаменті мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру және халыққа көрсетілетін қызметтердің заңдылығын бақылау бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді.
2025 жылдың басынан бері жүргізілген қашықтан бақылау мен жоспарлы тексерулердің нәтижесінде 645 азаматтың бұзылған құқықтары қалпына келтірілді. Анықталған заң бұзушылықтар негізінен мемлекеттік қызмет көрсету тәртібінің сақталмауына, артық құжат талап етуге, сондай-ақ қызмет көрсету мерзімдерінің бұзылуына қатысты болды. Әрбір дерек бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданды.
Атап айтқанда, жер учаскесін беру мәселесі бойынша екі қызмет алушыға Алакөл ауданы Ырғайты ауылдық округі әкімдігі жер комиссиясының шешіміне сүйене отырып негізсіз бас тартқан. Құжаттарда көрсетілгендей, аталған жер телімі басқа тұлғаға берілген деп көрсетілгенімен, Департаменттің жер мәселелері жөніндегі сарапшыны тарта отырып жүргізген жоспардан тыс тексерісі барысында шешім қабылданған уақытта учаскенің бос болғаны және оны өтініш иелеріне заңды түрде беруге болатыны анықталды.
Нәтижесінде, Департаменттің араласуымен өтініштер қайта қаралып, жер учаскелері қызмет алушыларға берілді. Заң бұзушылықтарға жол берген жауапты лауазымды тұлғалар тәртіптік және әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Аталған жағдай қабылданған шаралардың тиімділігін, сондай-ақ заңдылық пен әділеттілік қағидаттарына адалдықты айқын көрсетеді. Қызмет алушылардың құқықтарын қорғау, ашықтықты қамтамасыз ету және мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру — Департамент жұмысының басым бағыттары болып қала береді.
Департамент басшысы,
Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы
Қ. Манап