
Қазіргі таңда цифрлық технологиялардың дамуына байланысты мемлекеттік қызметтердің басым бөлігі электронды форматта көрсетілуде. Бұл азаматтардың уақытын үнемдеп, қажетті қызметтерді үйден шықпай-ақ алуына мүмкіндік береді. Осы мақсатта ауылдық округ әкімдігі ғимаратында тұрғындарға арналған Egov бұрышы жұмыс істейді.
Egov бұрышының негізгі мақсаты – тұрғындарға электрондық мемлекеттік қызметтерді алу жолдарын түсіндіру, цифрлық сауаттылықты арттыру және халыққа қолайлы жағдай жасау. Мұнда азаматтар маманның көмегімен қажетті анықтамаларды алып, түрлі өтініштерді жолдап, мемлекеттік қызметтерді өз бетінше пайдалануды үйрене алады.
Egov бұрышында тұрғындарға:
электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) алу және жаңарту бойынша кеңес беріледі;
анықтамалар мен үзінді көшірмелерді алу тәртібі түсіндіріледі;
тұрғылықты жері бойынша тіркелу, бала тууға байланысты өтініш беру, әлеуметтік төлемдерге өтініш жолдау және басқа да электрондық қызметтерді алу жолдары көрсетіледі;
eGov Mobile қосымшасын пайдалану және цифрлық құжаттарды қолдану жөнінде ақпарат беріледі.
Электрондық қызметтерді пайдалану қағазбастылықты азайтып, кезекте тұру уақытын қысқартады әрі мемлекеттік қызметтердің ашықтығы мен қолжетімділігін арттырады.
Осыған байланысты барлық тұрғындарды Egov бұрышының мүмкіндіктерін тиімді пайдалануға шақырамыз. Егер электрондық қызметтерді алу барысында сұрақтарыңыз туындаса, ауылдық округ әкімдігіне келіп, мамандардың кеңесіне жүгіне аласыз. Цифрлық қызметтерді бірге меңгеріп, уақытты тиімді пайдаланып, заманауи мүмкіндіктерді кеңінен қолданайық!