
3 сәуір күні Е. Жайсаңбаев атындағы орта мектепте жас ұрпақтың тәрбиесі мен қауіпсіздігіне қатысты өзекті мәселелерді талқылауға арналған жалпы ата-аналар жиналысы өтті.
Жиналысқа Қапал ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Чепель Владимир Сергеевич қатысты.
Кездесу барысында кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында маңызды мәселелер көтерілді:
🔹 Кәмелетке толмағандардың автокөлік және мотоцикл басқаруына жол бермеу
Жиында жүргізуші куәлігі жоқ, тиісті тәжірибесі қалыптаспаған жасөспірімдердің көлік құралдарын басқаруының қауіптілігі ерекше атап өтілді. Мұндай әрекеттер олардың өмірі мен денсаулығына ғана емес, айналасындағыларға да үлкен қауіп төндіреді. Ата-аналарға балаларға көлік басқаруға рұқсат бермеу және оларды қатаң бақылауда ұстау қажеттігі түсіндірілді.
🔹 Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ата-анасының немесе заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз сыртта болуына жол бермеу
Түнгі уақытта балалардың ересектердің қарауынсыз көшеде жүруі олардың түрлі құқықбұзушылықтарға тартылу қаупін арттырып, өмірі мен қауіпсіздігіне қауіп төндіретіні айтылды. Осыған байланысты ата-аналарға балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, олардың қайда және кіммен жүргенін бақылау ұсынылды.
Аталған мәселелердің барлығы, ең алдымен, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, құқықтық мәдениетін қалыптастыруға және құқықбұзушылыққа мүлдем төзбеушілік қағидатын орнықтыруға бағытталғаны атап өтілді.
Мектеп, ата-ана және мемлекеттік органдардың бірлескен жұмысы арқылы ғана қауіпсіз әрі тәрбиелі қоғам қалыптастыруға болады.