Жетісу облыстық мәслихтының кезектен тыс XXXVIII сессиясы өтті

Жетісу облыстық мәслихтының кезектен тыс XXXVIII сессиясы өтті

Күн тәртібінде қаралған алғашқы мәселе – Жетісу облыстық мәслихатының 2025 жылғы 12 желтоқсандағы №33-202 «2026–2028 жылдарға арналған Жетісу облысының бюджеті туралы» шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы.

Бюджетті нақтылау 3,6 млрд теңге көлемінде мемлекеттік бағалы қағаздар шығару арқылы жүзеге асырылады. Аталған қаражат Талдықорған қаласындағы Қаратал өзенінің оң жағалауында инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым (су құбыры, кәріз және электрмен жабдықтау желілері) құрылысын салуға бағытталады.

Жоба аясында 11,9 км су құбыры, 11,8 км кәріз және 27,9 км электр желісі салынады. Нәтижесінде 18 көппәтерлі тұрғын үй, онкологиялық орталық, 150 орындық оңалту орталығы, сондай-ақ Бас жоспарға сәйкес бой көтеретін білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және қызмет көрсету нысандары инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 31 желтоқсандағы №1213 қаулысымен бекітілген Бас жоспарға сәйкес Қаратал өзенінің оң жағалауында алдағы уақытта салынатын жаңа тұрғын және әлеуметтік нысандарды инженерлік инфрақұрылыммен қамтуға негіз қаланады.

         Сонымен бірге, құрылыс саласындағы тиімділікті арттыру мақсатында Жетісу облыстық мәслихатының 2026 жылғы 10 сәуірдегі №36-220 «Жетісу облысының "толық бітіріп берілетін" құрылыс объектілерінің тізбесін бекіту туралы» шешіміне де тиісті өзгерістер енгізілді. Жаңа түзетулер «толық бітіріп берілетін» (дайын күйде тапсырылатын) тетік бойынша іске асырылатын нысандардың тізімін кеңейтуді көздейді. Бұл жаңа құрылыс жобаларын аталған тиімді жүйеге жедел енгізуге, олардың қаржыландырылуын кепілдендіруге және нысандарды белгіленген мерзімде сапалы аяқтауға жол ашады.

Сондай-ақ, сессия барысында өңірдегі бақылаушы органдардың қызметін реттейтін құжаттар да қайта қаралды. Атап айтқанда, мәслихаттың 2022 жылғы 25 шілдедегі «Жетісу облысы бойынша тексеру комиссиясы» мемлекеттік мекемесінің Ережесін бекіту туралы» №16-14 шешіміне өзгерістер енгізілді.

Орман шаруашылығы мен экология мәселелері де назардан тыс қалған жоқ. Депутаттардың дауыс беруімен мәслихаттың 2024 жылғы 23 қазандағы №22-132 «Жетісу облысының мемлекеттік орман қоры учаскелерінде орман пайдалану төлемақысының мөлшерлемелерін белгілеу туралы» шешімінің күші жойылды. Оның орнына қолданыстағы заңнама талаптарына толық сәйкестендірілген орман пайдалану төлемақысының жаңа мөлшерлемелері бекітілді. Бұл құжат өңірдегі орман қорын ұтымды пайдалану мен табиғи ресурстарды тиімді басқарудың құқықтық негіздерін заман талабына сай жетілдіруге бағытталған.

Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасына сәйкес ұсталған автомобиль көлік құралдарын, кемелерді, оның ішінде шағын көлемді кемелерді коммуналдық меншіктегі арнайы алаңдарға жеткізу (эвакуациялау), есепке алу және уақытша сақтау қағидаларын бекіту туралы шешім қабылданды.

Сонымен қатар, өңір тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған маңызды құжат қабылданды. «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңының 6-бабына сәйкес, Жетісу облыстық мәслихатының шешімімен өңірдің тұрғын үй қорын реновациялау бағдарламасы бекітілді. Салалық бағдарлама аясында облыс аумағындағы ескірген әрі тозығы жеткен баспаналарды жаңарту, инфрақұрылымды заманауи талаптарға сай қайта құру жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асырылмақ.

Жиын соңында облыстық мәслихаттың депутаттық корпусындағы кадрлық өзгерістер жарияланды. Жетісу облыстық мәслихатының депутаты Еркебұлан Ақболатовтың депутаттық өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылуына байланысты, Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңына сәйкес оның орнына Даурен Оңалбаевқа депутаттық мандат тапсырылды.

Кезектен тыс сессияда қабылданған барлық шешімдер Жетісу облысының инженерлік инфрақұрылымын жүйелі дамытуға, бюджеттік жоспарлаудың тиімділігін арттыруға, маңызды құрылыс нысандарын уақытылы пайдалануға беруге және табиғи байлықты қорғау саласындағы құқықтық реттеуді күшейтуге тікелей ықпал етпек.