
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе – Жетісу облыстық мәслихатының 2025 жылғы 12 желтоқсандағы №33-202 «2026–2028 жылдарға арналған Жетісу облысының бюджеті туралы» шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы шешім жобасы болды. Аталған мәселе бойынша облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Рауан Аманұлы Дәутәлі баяндама жасады. Баяндамада облыс бюджетін 3,6 млрд теңге көлемінде мемлекеттік бағалы қағаздар шығару арқылы нақтылау ұсынылатыны айтылды. Қаражат Талдықорған қаласындағы Қаратал өзенінің оң жағалауында инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым (су құбыры, кәріз және электрмен жабдықтау желілері) құрылысын жүргізуге бағытталмақ.
Жоба аясында 11,9 шақырым су құбыры, 11,8 шақырым кәріз және 27,9 шақырым электр желілерін салу жоспарланып отыр. Нәтижесінде 18 көппәтерлі тұрғын үй, онкологиялық орталық, 150 орындық оңалту орталығы, сондай-ақ Бас жоспарға сәйкес бой көтеретін білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және қызмет көрсету нысандары инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 31 желтоқсандағы №1213 қаулысымен бекітілген Бас жоспарға сәйкес Қаратал өзенінің оң жағалауында алдағы уақытта салынатын тұрғын және әлеуметтік нысандарды инженерлік инфрақұрылыммен қамтуға мүмкіндік жасалады.
Отырыста сондай-ақ Жетісу облыстық мәслихатының 2026 жылғы 10 сәуірдегі №36-220 «Жетісу облысының "толық бітіріп берілетін" құрылыс объектілерінің тізбесін бекіту туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы жоба қаралды. Баяндамада «толық бітіріп берілетін» тетік бойынша іске асырылатын нысандардың тізбесін кеңейту жаңа құрылыс жобаларын осы жүйеге жедел енгізуге, қаржыландырудың тұрақтылығын қамтамасыз етуге және нысандарды белгіленген мерзімде пайдалануға беруге мүмкіндік беретіні айтылды.
Күн тәртібінде бұдан бөлек, Жетісу облысы бойынша тексеру комиссиясы мемлекеттік мекемесінің Ережесіне өзгерістер енгізу туралы мәселе жөнінде Жетісу облысы бойынша тексеру комиссиясының мүшесі Қуаныш Жұмаханұлы Ноғайбеков баяндады. Депутаттар ұсынылып отырған өзгерістерді талқылап, өз пікірлері мен ұсыныстарын білдірді.
Орман шаруашылығы және экология саласына қатысты мәселе бойынша 2024 жылғы 23 қазандағы №22-132 шешімнің күшін жою және оның орнына орман пайдалану төлемақысының жаңа мөлшерлемелерін бекіту туралы жоба таныстырылды. Аталған мәселе бойынша баяндаманы Жетісу облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы Орман шаруашылығы бөлімінің басшысы Шынар Сейсембекқызы Мейрманова жасады. Баяндамада жаңа мөлшерлемелердің қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкестендірілгені және табиғи ресурстарды тиімді басқаруға бағытталғаны атап өтілді.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасына сәйкес ұсталған автомобиль көлік құралдарын, кемелерді, оның ішінде шағын көлемді кемелерді коммуналдық меншіктегі арнайы алаңдарға жеткізу (эвакуациялау), есепке алу және уақытша сақтау қағидаларын бекіту туралы мәселе қаралды. Аталған мәселе бойынша баяндама Жетісу облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ғалымжан Темірғалиұлы Дәрібаев тарапынан жасалып, ұсынылып отырған қағидалардың негізгі талаптары жөнінде ақпарат берілді.
Отырыста өңірдің тұрғын үй қорын реновациялау бағдарламасын бекіту туралы шешім жобасы да талқыланды. Аталған мәселе бойынша Жетісу облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Диас Сержанұлы Досмұхаманов ақпарат берді. Баяндамада бағдарлама аясында облыс аумағындағы ескірген және тозығы жеткен тұрғын үйлерді кезең-кезеңімен жаңарту, инженерлік инфрақұрылымды жетілдіру және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру көзделетіні айтылды.
Комиссия отырысы қорытындысы бойынша депутаттар күн тәртібіндегі барлық мәселелерді облыстық мәслихаттың кезектен тыс XXXVIII сессиясының қарауына шығару туралы шешім қабылдады.