Жетісу облыстық мәслихатының денсаулық сақтау, білім беру, халықты әлеуметтік қорғау, мәдениет, ішкі саясат және спорт мәселелері бойынша тұрақты комиссиясының отырысы өтті.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары С.Наурызбаева әлеуметтік осал және көпбалалы отбасыларды әлеуметтік қолдау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Баяндамашының айтуынша, бүгінде облыста әлеуметтік осал топқа жататын 168 692 азамат бар. Оларға әлеуметтік көмектің 20 түрі бойынша біржолғы және ай сайынғы төлемдер көрсетіліп, мүгедектігі бар азаматтар техникалық оңалту құралдарымен және арнайы қызметтермен қамтамасыз етілуде.
2025 жылы әлеуметтік қолдау шараларымен 53,7 мың адам қамтылып, бұл мақсатқа 4,3 млрд теңгеден астам қаражат бағытталған. Ал биылғы жылдың 1 мамырына дейін атаулы әлеуметтік көмек 2492 отбасына тағайындалып, 660,6 млн теңге бөлінген.
Сонымен қатар, өңірде әлеуметтік көмекті цифрландыру, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әзірлеген FSM Social мобильді қосымшасы және проактивті форматта көрсету жұмыстары жалғасуда.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Қ. Қасымов балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру барысы туралы хабарлады. Биыл облыста 10 жазғы сауықтыру лагері жұмыс істейді. Облыстағы 1-10 сынып оқушыларының 94 пайызын жазғы демалыспен қамту жоспарланған. Сондай-ақ балаларға арналған туристік, шығармашылық және экологиялық жобалар жүзеге асырылады.
Күн тәртібіндегі үшінші мәселе бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің «Жұмысшы мамандықтар жылын жариялау туралы» Жарлығын іске асыру барысы қаралды. Қ. Қасымов оқу орындарында дуальды оқыту жүйесі енгізіліп, еңбек нарығына қажетті мамандар даярлау жұмыстары жүргізілгенін айтты. Депутаттар өндіріс орындарымен байланысты нығайту және түлектерді тұрақты жұмыспен қамту мәселелеріне назар аударды.
Отырыс қорытындысы бойынша жауапты мекемелерге тиісті тапсырмалар берілді.