
Жетісу облыстық мәслихатының депутаты Медет Мұқатай Панфилов ауданының Қоңырөлең және Сарытөбе ауылдарында сайлаушылармен кездесу өткізді. Кездесуге облыстық мәслихат төрағасы Гүлнар Тойлыбаева және облыстық мәслихат депутаты Ризван Сакиова да қатысты.
Кездесу барысында Гүлнар Тойлыбаева ҚР «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңына сәйкес, сонымен бірге «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында сайлаушыларға берілген уәделердің орындалу барысы мен жүзеге асырылып жатқан жұмыстарды мәслихат қызметімен сабақтастыра баяндады.
Сонымен қатар, Медет Мұқатай бір жыл ішінде өзінің атқарған депутаттық жұмыстары жайлы баяндама жасады. Ол жыл ішінде облыстық мәслихаттың 4 кезекті және 5 кезектен тыс сессиясына қатысқан.
Сайлаушылармен тұрақты байланыс аясында 5 қоғамдық қабылдау өткізіліп, 6 азаматтың өтініші қаралды. Нәтижесінде Ақжазық ауылындағы Л.Асанова көшесіне 66,3 млн теңге бөлініп, жол жөндеу жұмыстары аяқталды. Аққұдық ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пунктке пандус орнатылды.
Сонымен қатар, мектептер мен әлеуметтік нысандарға мониторинг жүргізіліп, Көктал ауылындағы Л.Асанова көшесінің жөндеу жұмыстарына 105,4 млн теңге қарастырылып, жұмыстар жалғасуда. «Мектепке жол» акциясы аясында аз қамтылған отбасылардың балаларына қолдау көрсетілді.
Ашық форматта өткен жиын барысында тұрғындар елді мекендерді дамытуға қатысты пікірлерін білдіріп, ұсыныстарын жеткізіп, толғандырған мәселелерді тікелей айтуға мүмкіндік алды.