Жеңіс рухын ұлықтаған ғибратты ғұмыр!

Жеңіс рухын ұлықтаған ғибратты ғұмыр!

Бүгін Жетісу облыстық мәслихатының төрағасы Гүлнар Тойлыбаева мен облыстық мәслихат депутаты Ермек Егінбаев өңірдегі Ұлы Отан соғысының көзі тірі жалғыз ардагері — Ысқақ Құсайыновтың шаңырағына арнайы барып, барлық облыстық депутаттар атынан
Жеңіс күнімен құттықтады.

102 жастағы майдангер 18 жасында өз еркімен соғысқа аттанып, Отан алдындағы борышын абыроймен атқарған. Жауынгерлік ерлігі мен табандылығы үшін «Әскери-теңіз флотының үздігі» атағына ие болып, Кеңес-жапон соғысына қатысқан.

Елге аман оралған соң ғұмырын ағарту саласына арнап, қырық жылға жуық уақыт бойы жас ұрпаққа білім мен тәрбие берді. Ардагер II дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденімен, Еңбек Қызыл Ту орденімен, Жуков медалімен, «Жапонияны жеңгені үшін», «Ерлігі үшін» медальдарымен және өзге де жоғары марапаттармен наградталған.

Халық ағарту ісінің озық қызметкері, Алакөл ауданының Құрметті азаматы атанған Ысқақ Құсайынов бірнеше әдістемелік оқу құралдарының авторы ретінде де ел құрметіне бөленген. Бүгінде оның өнегелі жолын қызы мен немересі жалғастырып, білім саласында еңбек етуде.

Ұрпақ сабақтастығы мен елге қызмет етудің жарқын үлгісіне айналған ардагер бүгінде 9 немере, 26 шөбере, 5 шөпшек сүйіп отырған бақытты ата.

Майдангердің ерлігі мен ғибратты ғұмыры — кейінгі буын үшін тағылымы терең өнеге. Ардагерлерге құрмет көрсету — бейбіт күннің қадірін ұғындыратын азаматтық парыз.