
Жетісу облысында балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және олардың құқықтары мен саламаттығын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстардың орындалу барысы басқарма басшыларының қатысуымен өткен тұрақты комиссияның отырысында қаралды.
Жиын барысында негізгі баяндама облыстық білім басқармасы тарапынан ұсынылды. Баяндамада Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 31 тамыздағы №748 қаулысымен бекітілген 2023–2025 жылдарға арналған кешенді жоспардың іске асырылуы туралы жан-жақты ақпарат берілді.
Атап айтқанда, 2023 жылдан бастап өңірде жүзеге асырылып жатқан «Әдеп-құқық жұмысы жөніндегі ментор» жобасының тиімділігі атап өтілді. Қазіргі таңда 2 қала мен 8 ауданда 110-нан астам ментор қызмет атқаруда. Жоба нәтижесінде Панфилов ауданында жасөспірімдер қылмысы 4,4 есеге, Талдықорған қаласында 4,3 есеге төмендеген.
Білім беру ұйымдарында қауіпсіз ортаны қалыптастыру мақсатында барлық мекемелер бейнебақылау жүйелерімен толық қамтамасыз етіліп, турникеттер мен дабыл батырмалары орнатылған. Сонымен қатар, буллингтің, зорлық-зомбылықтың және суицидтік мінез-құлықтың алдын алу бағытында кешенді профилактикалық жұмыстар жүргізілуде.
Психологиялық қолдау көрсету жүйесі де дамып келеді. Облыста психологиялық қолдау орталығы жұмыс істейді және «Психолог кабинеті» цифрлық платформасы арқылы тәуекел топтағы оқушылар анықталып, олармен жеке жұмыстар ұйымдастырылуда.
Жиында қосымша баяндамалар ретінде ішкі саясат және денсаулық сақтау басқармаларының өкілдері сөз сөйлеп, атқарылған жұмыстар мен өзекті мәселелерді баяндады.
Денсаулық сақтау басқармасы тарапынан балалар арасындағы суицидтің алдын алу бойынша жүргізіліп жатқан шаралар таныстырылды. Талдықорған қаласында балаларға арналған психиатриялық бөлімше жұмыс істейді, суицидтік мінез-құлыққа бейім жасөспірімдерге көмек көрсету үшін арнайы жедел бөлімше құрылған және тәулік бойы қызмет көрсететін колл-орталық іске қосылған.
Жиын қорытындысы бойынша басқарма басшыларына балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, профилактикалық жұмысты күшейту және ведомствоаралық өзара іс-қимылды арттыру бойынша нақты тапсырмалар берілді.
Жұмыс осы бағытта тұрақты бақылауда болады.