Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Жиында 2025 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыланып, алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттер айқындалды.
Премьер-министр Олжас Бектенов еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен Үкіметтің биылғы жоспары туралы баяндама жасады. Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев цифрландыру және жасанды интеллектіні енгізу мәселелеріне тоқталды. Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов ақша-несие саясаты және инфляцияны төмендету шаралары жөнінде есеп берді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Конституциялық реформа және жаңа Конституция жобасына ерекше тоқталды. Мемлекет басшысы реформаның ашық түрде, азаматтардың қатысуымен жүзеге асқанын атап өтті. Жаңа Конституция «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасына негізделеді және барлық саяси институттардың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Президент атап өткендей, жаңа Негізгі Заңда адам құқығы мен бостандықтарын қорғау, білім, ғылым, инновациялар, мәдениет пен ұлттық мүдделердің сақталуы басты орын алады. Сонымен қатар, Конституция жобасында әлеуметтік және дәстүрлі құндылықтар, тұрғын үйге қол сұғуға болмайтыны, экологияны қорғау мәселелері қарастырылған.

Экономикалық даму және инфляцияны төмендету
Мемлекет басшысы экономикалық өсімнің сапалы болуы және халықтың әл-ауқатының артуы негізгі басымдық екенін атап өтті. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін Үкімет пен Ұлттық банкке инфляцияны төмендету бойынша нақты әрі үйлесімді шаралар қабылдауды тапсырды. Инфляцияны қалыпты деңгейге түсіріп, оның шарықтауына жол бермеу – негізгі міндет.
Сонымен қатар Үкімет инфляцияны тежеумен қатар сапалы инвестиция тартуға, шағын және орта бизнесті дамытуға, жасанды интеллектке негізделген цифрлық жобаларды ілгерілетуге баса мән беруі тиіс. Әлеуметтік көмекті нақты мұқтаж жандарға «Әлеуметтік әмиян» тетігі арқылы тиімді әрі атаулы жеткізу де маңызды бағыт ретінде белгіленді.
Сонымен қатар, жаңа Салық кодексін тиімді енгізу, салықтық әкімшілендіруді цифрлық жүйеге көшіру және экономиканы орнықты дамыту басымдық ретінде белгіленді.

Аймақтарды дамыту және цифрлық трансформация
Басқару тиімділігін арттыру үшін аймақтардағы бюджеттік жоспарлау мен инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Бұл өңірлердің инвестициялық тартымдылығын күшейтіп, экономикалық өсімнің сапасын арттыруға негіз болуы тиіс.
Осыған байланысты Президент жоғары технологиялы өндірістерге басымдық беретін біртұтас инвестициялық стратегия қажет екенін айтты. Ол үшін мемлекет пен бизнес серіктестігін күшейтіп, арнайы экономикалық аймақтардың даму моделін түбегейлі жаңғырту керек.
Жедел даму жолына түскен Алатау қаласы жаңа инвестициялық кезеңнің негізгі жобасы ретінде қарастырылады. Бұл – Smart City қағидатына сәйкес барлық салаға озық инновациялар енгізу, жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды кеңінен қолдану деген сөз.

Білім және денсаулық саласы
Отырыс барысында білім беру жүйесінде қаржыны тиімді жұмсауды күшейтіп, оқу бағдарламаларын жасанды интеллект пен жаңа технологиялардың қарқынына сай жаңғырту қажеттігі айтылды. Сонымен қатар еңбек өнімділігін арттыратын мамандар даярлау үшін бизнес өкілдерімен бірлескен, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде Ұлттық мамандықтар трансформациясы орталығын құру міндеті қойылды.

Денсаулық сақтау саласы
Бүгінде 30-дан астам ақпараттық жүйе жеке-жеке жұмыс істеп тұрғаны айтылды. Осыған байланысты Үкіметке 1 желтоқсанға дейін Бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпараттық жүйені құру жұмысын аяқтау тапсырылды. Сондай-ақ Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің ашықтығын қамтамасыз ету, қордағы заңсыз әрекеттердің жолын кесу үшін оның қызметін жыл соңына дейін толық цифрландыру қажет екені атап өтілді.

Мал шаруашылығы
Мемлекет басшысының айтуынша, елімізде мал шаруашылығын дамыту әлеуеті мол, бірақ толық пайдаланылмай отыр. Өнімдердің басым бөлігі жеке қосалқы шаруашылықтарда өндіріледі (еттің 60%, сүттің 80%), бұл өнімділікті арттыруға кедергі болып тұр.
Президент атап өткендей, шаруаларды кооперацияға біріктіру қажет. Үкімет 1 қыркүйекке дейін Ауыл шаруашылығы кооперациясы туралы жаңа заңды әзірлеуі тиіс. Сонымен қатар мемлекеттік қолдау жүйесін ашық ету, субсидиялау үдерісін цифрландыру арқылы шаруалардың міндеттемесін бақылауға алу маңызды.
Сонымен қатар, мал шаруашылығын тұрақты дамыту үшін ветеринарлық қауіпсіздік жүйесі сапалы болуға тиіс. Ашығын айтқанда, Қазақстанда бұл сала кенжелеп тұр. Еліміздегі 168 зертхананың жиырма жетісі ғана халықаралық стандартқа сай келеді. Мал дәрігерлерінің жұмысы толық бақылауға алынбаған. Соңғы үш жылда малға екпе салдық деп 30 мың жалған құжат жасалды.

Бұл саланы біржола тәртіпке келтіру қажет. Үкімет ветеринария саласын дамытудың кешенді бағдарламасын үш айдың ішінде қабылдауға тиіс.

Энергетика мен шикізатты өңдеуді дамыту
Энергетика саласында жаңа қуат көздерін уақтылы іске қосып, «Таза» көмір жобасын әзірлеп, ұлттық электр желілерін жаңғырту маңызды. Сонымен бірге, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект арқылы жүйенің сенімді әрі тұрақты жұмысын қамтамасыз ету қажеттігіне баса назар аударылады. Жаңа инвестициялар ең алдымен еліміздегі заманауи өнеркәсіптің негізін қалыптастыруға бағытталуы тиіс.
Өңдеу өнеркәсібінде шикізат өнімдерінің жартысы төмен деңгейде өңделеді, сондықтан сыртқа шикізат шығарып, дайын өнімді қайта импорттау тәжірибесін өзгерту қажет. Ресурсты терең өңдеу арқылы қосымша дайын өнім өндіріп, өңдеу саласының әлеуетін толық пайдалану аса маңызды.
Жаңа инвестициялар заманауи өнеркәсіп пен терең өңдеуге бағытталып, мұнай-газ химиясын, геологиялық барлауды, агроөнеркәсіп пен мал шаруашылығын жүйелі түрде дамытып, кооперацияны, ветеринарлық қауіпсіздікті және цифрландыруды күшейту арқылы импортқа тәуелділікті азайтып, экономиканың тұрақты өсімін қамтамасыз етуге тиіс.

Табиғи апаттарға дайындық
Құзырлы органдар биыл кейбір өңірлерде су тасқыны мен құрғақшылық қаупін болжауда. Үкімет алдын ала нақты іс-қимыл жоспарын жасап, цифрлық технологияларды тиімді қолдануы қажет. Егіс алқаптары мен инфрақұрылымды қорғау шаралары уақытында қабылдануы тиіс, қиындықтар туындаған кезде ғана әрекет етуге болмайды. Көктемге дейін әкімдіктермен бірге су тасқынына қарсы шараларды сапалы жүзеге асыру қажеттігін Президент ерекше атады.

Экономиканы ырықтандыру
Мемлекет басшысының айтуынша, мемлекеттік активтерді жекешелендіру баяу жүруде, бұл бизнеске кедергі келтіруде. Үкімет бір ай ішінде нақты шешім қабылдап, бизнеске шын мәнінде қолайлы жағдай жасауы тиіс.

Логистика
Жаңа экономикалық үлгі аясында көлік-логистика саласын теміржол мен автожол инфрақұрылымын жаңғыртып, шекаралық өткізу бекеттерін жаңарту, тариф саясатын реформалау және цифрлық платформалар мен жасанды интеллектіні енгізу арқылы біртұтас, сенімді және ашық көлік жүйесін қалыптастыру қажет. Бұл шаралар транзиттік әлеуетті толық пайдалануға мүмкіндік береді.
Қорытындылай келе, президент алдағы міндеттердің маңызды екенін, үкімет пен атқарушы органдардың батыл және тиімді шешім қабылдап, оларды жедел жүзеге асыруы қажет екенін атап өтті. Ол елдің бәсекеге қабілетті болуы – болашақтың жарқын болуының кепілі екенін, басты басымдықтардың – азаматтардың табысын арттыру және тұрмыс сапасын жақсарту – өзгермейтінін айтты. Әр тапсырма уақытылы және сапалы орындалып, нақты нәтиже беруі тиіс.