Бүгін облыстық мәслихаттың төрағасы Гулнар Тойлыбаеваның төралығымен облыстық, қалалық және аудандық мәслихат депутаттарының қатысуымен кездесу өтті.
Отырыстың басты мақсаты – Конституцияға енгізілетін өзгерістерді түсіндіру, пікір алмасу және оларды қолдауға бағытталған ортақ ұстанымды қалыптастыру.
Г. Тойлыбаева Конституцияға ұсынылған өзгерістер мемлекеттік басқаруды жетілдіру, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын нығайтуға бағытталғанын айтты. Жобаның негізгі өзегі – әділеттілікті күшейту, заң үстемдігін қамтамасыз ету және билік пен халық арасындағы жауапкершілікті арттыру.
«Amanat» партиясы облыстық филиалының төрағасы Арыстанғали Арын сөз алды. Ол реформалардың ел болашағы үшін стратегиялық маңызы бар екенін және азаматтардың құқықтарын қорғау деңгейін көтеретінін жеткізді.
«Ақжол» партиясының облыстық филиал төрағасы Ермек Егінбаев реформалардың саяси жүйені жаңғыртатын рөлін сөз етті.
«Байтақ» партиясының депутаты Банямин Файзулин экологиялық жауапкершілік, орнықты даму және адам капиталына басымдық берілетінін бөлісті.
Облыстық мәслихат депутаты Гүлназия Мұстапова жаңа Конституция жобасының 77 бабын қарап шыққанын, ол мәтіннің 84%-ын қамтитынын және жаңа редакция ретінде қарастырылатынын жеткізді. 43-бапта Президент қазақ тілінде еркін сөйлеуі тиіс, ал 22-баптың 2-бөлігінде әркім өзінің тілін және мәдениетін білсін, сөйлесетін тілді таңдауға құқылы екені көрсетілген. Ол Жетісуда басқа ұлт өкілдерінің қазақ тілін үйренгісі келетінін, бірақ арнайы орта жоқ екенін атап, мәселені шешудің маңызды екенін айтты.
Жиын соңында Гулнар Тойлыбаева барлық қатысушыларға алғысын білдіріп, Конституциялық реформалардың елдің құқықтық негізін нығайтып, азаматтардың мемлекетке деген сенімін арттыратынын атап өтті.