Сенат депутаттарының Талдықорғандағы әлеуметтік маңызы бар нысандар мен жылу энергетикасы объектілерін қадағалауы.

Сенат депутаттарының Талдықорғандағы әлеуметтік маңызы бар нысандар мен жылу энергетикасы объектілерін қадағалауы.

Іссапар барысында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Ғалиасқар Сарыбаев, Амангелді Есбай, Сұлтан Дүйсембинов, сондай-ақ Жетісу облыстық мәслихатының төрағасы Гүлнар Тойлыбаева «Талдықорғантеплосервис» КМК-ға қарасты «Басқуат» қазандығының жұмысымен танысты.

Қазандықтың орнатылған қуаты 240 Гкал/сағат, мұнда 120 қызметкер еңбек етеді. Нысан арқылы жеке және көпқабатты тұрғын үйлер, сондай-ақ бюджеттік мекемелер жылумен қамтылуда.

2025–2026 жылдардағы жылыту маусымына дайындық аясында «Талдықорғанжылусервис» КМК тарапынан 5,3 шақырым жылу желісі қайта жаңғыртылып, «Басқуат» қазандығындағы №1 және №3 су жылыту қазандығына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Келесі кезекте депутаттар Талдықорған қаласының Оңтүстік-Батыс тұрғын ауданында салынып жатқан кварталдық қазандықтың құрылыс алаңында болды. Жоба аталған аудан тұрғындарын тұрақты жылумен қамтамасыз етуге бағытталған. Қазандықтың жобалық қуаты 49 Гкал.

Аталған нысанның құрылысы 2024 жылғы 1 қазанда басталған. Қазіргі таңда жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізілуде. Қаржыландыруға байланысты құрылыс мерзімі 2026 жылғы 1 маусымға дейін ұзартылған. Жобаның жалпы құны 10,7 млрд теңгені құрайды, оның бір бөлігі игерілген.

Сапар барысында жауапты тұлғалар қазандықтың іске қосылуы өңірдегі жылу инфрақұрылымын нығайтып, тұрғындарды сапалы әрі тұрақты жылумен қамтуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Одан кейін депутаттар «Асар» спорттық-сауықтыру орталығына барып, мекеменің қызметімен танысты. Аталған орталықта омыртқа жарақаттарынан кейінгі оңалту, инсульттен кейінгі реабилитация, сондай-ақ ДЦП-мен ауыратын балаларға арналған қалпына келтіру қызметтері көрсетіледі.

2014 жылы негізі қаланған орталық осы уақытқа дейін денсаулығын қалпына келтіруді қажет ететін азаматтарға кешенді көмек көрсетіп келеді. Кешен қызметі халықтың өмір сапасын жақсартуға және әлеуметтік маңызы бар медициналық-сауықтыру қызметтерінің қолжетімділігін арттыруға бағытталғаны атап өтілді.