Бүгін Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Ғалиасқар Сарыбаев пен Амангелді Есбай, сондай-ақ Жетісу облыстық мәслихатының төрағасы Гүлнар Тойлыбаева Текелі қаласында орналасқан жылу-электр орталығына барып, нысанда жүргізіліп жатқан жаңғырту және кеңейту жұмыстарымен танысты.
Қазіргі таңда кешенді жаңғырту және кеңейту жобасы жүзеге асырылуда. Жобаның негізгі мақсаты – өңірдің электр және жылу энергиясына өсіп келе жатқан сұранысын толық қамтамасыз ету.
Жобаның аясында ЖЭО аумағында жалпы орнатылған электр қуаты 53 МВт, ал жылу қуаты 48 Гкал/сағ болатын тиімді аралас циклді газ турбиналық қондырғысын үш кезеңмен енгізу жұмыстары жүргізілуде.
Қазіргі таңда жобаның екі кезеңі аяқталды, қазан-утилизаторлар мен бу турбинасының іргетастары орнатылып, негізгі және қосалқы жабдықтарды монтаждау жұмыстары жүргізілуде.
Станция бүгінде Жетісу облысындағы Талдықорған энергия торабындағы бірден-бір базалық генерация көзі болып табылады. Жобаны іске асыру Текелі қаласын ғана емес, сондай-ақ бүкіл Талдықорған энергия торабын тұрақты энергиямен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда нысанда 30 адам жұмыс істейді, ал жаңғырту жұмыстары толық аяқталғаннан кейін 100–120 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда.
Сапар барысында депутаттар жобаның өңірлік маңыздылығын атап өтіп, энергетикалық қауіпсіздікті арттыру мен әлеуметтік-экономикалық дамуға қосар үлесін жоғары бағалады.