
Құрметті желтоқсан оқиғасының ардагерлері! Қадірлі қонақтар! Құрметті жерлестер!
Еліміздің ұлық мерекесі 16 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл күн – әрқайсымыз үшін айрықша маңызы бар тарихи күн. Өйткені Тәуелсіздік – көзіміздің қарашығындай сақтауға тиіс ең қастерлі құндылығымыз, болашақ ұрпаққа аманат етер асыл мұрамыз.
1986 жылғы Желтоқсан – еркіндік үшін өр рухтың жеңілмегенін дәлелдеген күн. Желтоқсан – өткеннің сабағы, бүгіннің тірегі, ертеңнің аманаты.
Өткенін құрметтеген халық қана болашағын баянды етеді. Қазақ халқы өз қалыптасу жолында талай тар жол, тайғақ кешуді бастан өткерді. Біз өткенге салауат айтып, тарихтан сабақ алып келеміз.
Бүгінде еліміз жаңа дәуірге, ауқымды өзгерістер кезеңіне қадам басты.
Президенттің реформалық саясаты нәтижесінде қоғамда әділдік пен ашықтықты қамтамасыз етуге арналған жүйелі өзгерістер қолға алынды. Қазіргі таңда елдің ұлттық рухын көтеруге мән беріліп, 16 желтоқсан батырларымызды ұлықтайтын, тарихты еске салатын күн ретінде жаңа мазмұнға ие болды.
Желтоқсан мен Тәуелсіздік – біртұтас тарихи сабақ. Сол алаңға шыққан жастардың ерлігімен еліміз тәуелсіздікке жетті. Сондықтан Сіздер, желтоқсандықтар, тәуелсіздіктің алғашқы символдары ретінде жоғары құрметке лайықсыздар.
Біз Тәуелсіздігімізді мақтан тұтып қана қоймай, оны күнделікті еңбегімізбен нығайтуымыз керек. Сіздер елжанды, ұстанымы берік, көзқарасы айқын азаматтар ретінде қоғам өміріне белсене араласып, жаңа Әділетті Қазақстанды бірге құруға үлес қосасыздар деп сенемін.
Сіздерді жастарға үлгі болатын, бағыт-бағдар көрсететін белсенді буын деп білемін. Ел ішінде, соның ішінде облысымызда атқарылып жатқан игі істерге үн қосып, халыққа жеткізіп, ел бірлігін нығайтуға атсалысу – бәрімізге ортақ міндет.
Құрметті Желтоқсаншылар!
Жетісу облысында Желтоқсаншыларға арналған қолдау шаралары тұрақты түрде жүргізілуде. Сіздерге 14 күндік санаторий-курорттық емделуге жолдама беріліп, Тәуелсіздік күні қарсаңында біржолғы төлем төленеді (200 000 теңге). 2025 жылы алғаш рет тұрғылықты жері бойынша емханаларда скрининг ұйымдастырылуда (77 адам).
Сонымен қатар, облыста Желтоқсан оқиғасына арналған ескерткіштер мен монументтер ашылды: Талдықорғанда – «Желтоқсан желі ызғарлы» монументі, Ақсу мен Панфилов аудандарында ескерткіштер, Алакөлде стелла.
Желтоқсаншылардың есімдері көше мен мектептерге берілуде, музейлерде тұрақты экспозициялар жасақталған (Қайрат Рысқұлбековтің атымен – 3 көше, 1 мектеп, Ляззат Асанованың атымен – 13 көше, Ербол Сыпатаевтың атымен – 7 көше, «Желтоқсан» атауымен – 19 көше).
Жыл сайын тақырыптық экскурсиялар, дәрістер, мәдени іс-шаралар ұйымдастырылады.
Барлық шаралар арқылы біз Желтоқсан қаһармандарын ұлықтап, жас ұрпаққа тәуелсіздік пен ерлік рухын дәріптейміз.
Тәуелсіздігіміз тұғырлы, бірлігіміз бекем болсын!
Мереке құтты болсын!
Ізгі ниетпен, Жетісу облыстық мәслихатының төрағасы Г. Тойлыбаева.