Спартакиада-2025!

Спартакиада-2025!

27 қараша күні Талдықорған қаласындағы «Жастар» спорт кешенінде Жетісу облыстық мәслихатының ұйымдастыруымен  дәстүрлі спартакиада бастау алды. Биылғы жарысқа өңірдің 2 қаласы және 8 ауданынан келген мәслихат депутаттары мен аппарат қызметкерлері қатысып, бірнеше спорт түрі бойынша бақ сынады. Спартакиада салауатты өмір салтын насихаттауды, бұқаралық спортты дамытуды, сонымен бірге қатысушылардың өзара ынтымақтастығын, бірлігін және командалық рухын күшейтуге бағытталды.

Спартакиада аясында волейбол, тоғызқұмалақ, үстел теннисі, арқан тартыс, қол күрес және шағын футбол бағыттары бойынша ойындар өткізіліп, қатысушылар екі күндік бағдарлама шеңберінде барлық спорт түрлерінде өзара бақ сынады.

Мәслихат депутаттары мен қызметкерлерінің осындай жарыстарға белсене қатысуы өңірде бұқаралық спортты ілгерілетуге жаңа серпін беріп, салауатты өмір салтын кеңінен насихаттауға мүмкіндік береді. Әрбір қатысушының жоғары белсенділігі мен ынтасы – қоғам денсаулығын жақсарту жолындағы маңызды үлес.

Спартакиаданың жалпыкомандалық қорытындысы бойынша бірінші орынды Ақсу ауданы иеленсе, екінші орынды Жетісу облыстық мәслихаты, үшінші орынды Панфилов ауданы қанжығалады. Бұл нәтижелер командалардың ұйымшылдығы мен табандылығының көрінісі болды.

Командалық есеппен қатар, жарыста ерекше көзге түскен қатысушылар жекелей номинациялар бойынша марапатталды. Үстел теннисі мен тоғызқұмалақ спорт түрлерінде ерлер және әйелдер арасында үздік ойыншылар анықталды. Қол күрес бойынша ерлер мен әйелдер арасында «Жеңіске деген жігері үшін» аталымымен төрт қатысушы марапатталды. Сонымен қатар волейбол мен шағын футболдан үздік қорғаушы, үздік ойыншы, үздік шабуылшы және үздік қақпашы аталымдары бойынша марапаттар табысталды.

Биылғы спартакиада – бірлік пен ұйымшылдықтың, әділ бәсеке мен жоғары спорттық мәдениеттің айқын көрінісі болды. Қатысушылардың талпынысы, табандылығы және спортқа деген ынтасы бұл шараның мазмұнын байытып, спартакиаданың нағыз рухын айқындады.