Жетісу облыстық мәслихатының тұрақты комиссиясы кәмелетке толмағандарды қорғау мәселелерін қарады
2025 жылғы 21 қарашада Жетісу облыстық мәслихатының денсаулық сақтау, білім беру, халықты әлеуметтік қорғау, мәдениет, ішкі саясат және спорт мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысы өтті.
Комиссия күн тәртібіне «Кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау және қалпына келтіру шараларын жүзеге асыру туралы» мәселе шығарды.
Отырыс барысында баяндама жасаған облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Қ. Қасымов өңірдегі кәмелетке толмағандарды қорғау бағытында атқарылған жұмыстар туралы ақпарат берді.
Ақпаратында қазіргі уақытта облыста 319 жалпы орта білім беру ұйымы жұмыс істейтіні және оқушы саны 131 852 туралы мәлімдеді.
Сонымен қатар, 2025 жылдың қаңтар–қазан айлары аралығында кәмелетке толмағандар тарапынан 33 қылмыс жасалып, 39 жасөспірім анықталғаны, оның ішінде 13 жыныстық сипаттағы іс-әрекет тіркелген. Осы кезеңде 5 суицидке оқталу, 11 аяқталған суицид жағдайлары болған.
Суицид фактілері тіркелген 10 мектепте «Аутодеструктивті мінез-құлықтың алдын алу, дағдарыс жағдайында дұрыс әрекет ету» бағытындағы арнайы жоспар әзірленді. Сондай-ақ, кәмелетке толмағандар арасындағы зорлық-зомбылықтың, буллингтің және құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында облыста 4 бағыт бойынша кешенді жұмыс жүргізілуде.
Атап айтқанда:
2023–2025 жылдарға арналған 48 тармақтан тұратын Кешенді жоспар жүзеге асуда.
Тәрбие жұмысы жаңа оқу жылынан бастап «Адал азамат» біртұтас бағдарламасы аясында жүргізілуде. Сонымен бірге буллингтің алдын алуға бағытталған «Kiva» бағдарламасы – 4 пилоттық мектепте, «ДосболLIKE» – 5 мектепте, «Қауіпсіз мектеп. Қауіпсіз орта» жобасы – барлық аудан-қалаларда іске асуда.
Д.Олвеус сауалнамасының нәтижесінде 70 агрессор, 115 буллинг құрбаны болуы мүмкін оқушы анықталып, олармен жеке түзету жұмыстары ұйымдастырылды.
Психологиялық қолдау шаралары жүргізілуде, олар:
Кәмелетке толмағандарға, педагогтарға және ата-аналарға психологиялық сүйемелдеу Алгоритмі бекітілді;
«KazDream» компаниясы анықтаған 68 келеңсіз интернет-ресурстарға кірген 237 оқушымен түзету жұмыстары жүргізілді. Мектептерде 12 800 «111» қызметінің QR-коды орналастырылды, 313 мектеп маңындағы 206 қауіпті аймақта тұрақты кезекшілік ұйымдастырылды, «Үміт жасақтары» волонтерлік қозғалысы құрылды. «Психолог кабинеті» платформасы енгізілуде.
Тәрбие мен шығармашылық арқылы облыстағы 278 мектепте девиантты мінез-құлықты балаларды тарту театр үйірмелері ашылып, 5395 оқушы қамтылды.
Баяндама барысында Қ. Қасымовқа депутаттар тарапынан күн тәртібіне сәйкес сұрақтар қойылып, бірқатар ұсыныстар мен ескертулер енгізіліді.
Депутаттар қолданыстағы профилактикалық шаралардың тиімділігін арттыру, әлеуметтік осал топтағы балалармен жұмыс жүргізуді күшейту, білім беру ұйымдары мен құқық қорғау органдарының өзара әрекеттестігін одан әрі жетілдіру қажеттігін атап өтті.
Тұрақты комиссия осы бағыттағы жұмыстардың орындалуын бақылауға алатынын жеткізді және білім беру басқармасына, жергілікті атқарушы органдарға балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, оларды психологиялық және әлеуметтік қолдаумен қамтуға бағытталған іс-шараларды жүйелі түрде жалғастыруды тапсырды.
Жиын соңында комиссия төрағасы кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау – өңірдің әлеуметтік саясатының басым бағыттарының бірі екенін атап өтіп, барлық ведомстволардың үйлесімді жұмысы ғана жасөспірімдерге қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға мүмкіндік беретінін айтты.