Күн тәртібінде 3 мәселе қаралды:
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Рауан Аманұлы Дауталинов баяндама жасады.
Баяндамашы өз сөзінде қабылданған өзгерістер басталған жобаларды аяқтауға және әлеуметтік-экономикалық дамудың маңызды бағыттарына бағытталғанын атап өтті. Басым міндеттердің қатарына әлеуметтік саладағы мәселелер - автомобиль жолдары мен әлеуметтік нысандардың құрылысын аяқтау, сондай-ақ халықты газбен, электр энергиясымен және сумен қамтамасыз ету жатады.
Атап айтқанда, білім саласына қосымша 1,4 миллиард теңге бөлінді, оның 1,1 миллиарды тарификация қорытындысы бойынша еңбекақы төлеуге, сондай-ақ Алакөл ауданының Достық ауылындағы жаңа мектепті ұстауға, «Айналайын» балалар үйіне, облыс әкімінің гранттарына және студенттерге шәкіртақы төлеуге бағытталады.
Денсаулық сақтау саласындағы ағымдағы шығындарға 598,7 миллион теңге бөлінді. Қаражат госпитальдық фармацияны енгізуге, аудандық ауруханалардың материалдық-техникалық базасын нығайтуға, медициналық жабдық сатып алуға, коммуналдық қызметтерді төлеуге және медициналық қызметкерлерге біржолғы төлем жасауға, сондай-ақ дизельдік генератор орнатуға жұмсалады.
Ауыл шаруашылығы жануарларын, техниканы және жабдықтарды сатып алу үшін кредит беру және лизинг кезінде сыйақы мөлшерлемесін субсидиялауға 1 млрд. теңге қарастырылған.
Өңірлік тұрақтандыру қорларын қалыптастыру үшін келісімшарттар көлемін ұлғайтуға қосымша 1,5 миллиард теңге бағытталады.
Қабылданған бюджет өзгерістері өңірдің ағымдағы қажеттіліктеріне жедел ден қоюға, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға және экономиканың әрі әлеуметтік саланың негізгі бағыттарының тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша Жетісу облыстық мәслихатының 2022 жылғы 25 шілдедегі «Жетісу облысы бойынша тексеру комиссиясы» мемлекеттік мекемесінің Ережесін бекіту туралы» №6-14 шешіміне өзгерістер енгізу туралы тексеру комиссиясының мүшесі Мұхамеджанов Бақытжан Әбділдәұлы баяндама жасады.
Б. Мұхамеджановтың баяндамасына сәйкес Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 12 қарашадағы «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» Заңының 47-бабының 3-тармағының талабына сәйкестендіріліп Ережесінің 21 тармағы 18 тармаққа ауыстырылып жаңа редакцияда келесідей мәтінде баяндалды «Тексеру комиссиясының мүшелері Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңнамасына сәйкес бес жыл мерзімге тағайындалады және тиісті облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың мәслихатының шешімімен тексеру комиссиясы төрағасының ұсынымы және Жоғары аудиторлық палатамен келісу негізінде қызметінен босатылады». Сонымен қатар, бұл өзгерістер «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 24-бабының 1-тармағына (Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының басшылары мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау стандарттарына сәйкестігін тексеру мақсатында мемлекеттік аудиторлар мен өзге де лауазымды тұлғалар әзірлейтін құжаттарға тұрақты тексерулер мен (немесе) талдау жүргізу арқылы сапаны бақылауды ұйымдастыруды қамтамасыз етеді) және 48-бабының 1-тармағының 2) тармақшасына (тексеру комиссияларының тиісті жылға арналған мемлекеттік аудит объектілерінің тізбесін бекітеді) сәйкес келтіру мақсатында енгізілді.
Сондай-ақ, бұл өзгерістер Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 1 қыркүйектегі №590 қаулысымен бекітілген мемлекеттік орган туралы ережені әзірлеу және бекіту жөніндегі нұсқаулыққа сәйкестендіру мақсатында қабылданған.
Күн тәртібіндегі соңғы мәселе - «Жетісу облысы әкімдігінің дербес құрамын келісу туралы» Жетісу облыстық мәслихатының 2022 жылғы 24 маусымдағы № 3-9 шешіміне өзгерістер енгізу туралы мәселе қаралып, мақұлданды.
Кезектен тыс XXXII сессия барысында депутаттар күн тәртібіндегі мәселелерді жан-жақты талқылап, тиісті шешімдер қабылдады.