Бүгін Ақтөбе қаласында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында белгіленген міндеттерге сай бюджет қаржысын тиімді жоспарлау мәселесіне арналған республикалық семинар өтті.

Бүгін Ақтөбе қаласында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында белгіленген міндеттерге сай бюджет қаржысын тиімді жоспарлау мәселесіне арналған республикалық семинар өтті.

Іс-шараны Ақтөбе облыстық мәслихаты мен «Қазақстан мәслихат депутаттары бірлестігі» республикалық қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды. Семинардың басты мақсаты – жаңа Бюджет кодексіндегі өзгерістер мен жаңашылдықтарды талқылап, жергілікті деңгейдегі қаржылық жоспарлаудың тиімділігін арттыру жолдарын қарастыру болды.

Жиын Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің конференц-залында өтті. Семинарға Қазақстанның барлық өңірлерінен мәслихат төрағалары мен тұрақты комиссия жетекшілері, облыстық экономика және қаржы басқармаларының басшылары, сондай-ақ Жоғарғы аудит палатасының өкілдері қатысты. Сонымен қатар ҚР Ұлттық экономика және Қаржы министрліктерінен арнайы шақырылған сарапшылар, бірнеше облыстың мәслихат төрағалары мен бюджет саласының жетекші мамандары қатысып, өз тәжірибелерімен бөлісті.

Жауапкершілік пен ашықтыққа негізделген жаңа басқару мәдениеті

Семинар барысында жаңа Бюджет кодексінің негізгі нормалары мен енгізілген жаңалықтар егжей-тегжейлі талқыланды. Сарапшылар бюджетті жоспарлаудың тиімді механизмдері, қаржының ашықтығы мен есептілігін қамтамасыз ету тәсілдері, жергілікті деңгейдегі бюджеттік саясаттың өзекті мәселелерін атап өтті.

«Қазақстан мәслихат депутаттары бірлестігі» РҚБ төрағасы Төлеубек Мұқашев өз баяндамасында ел басқару ісіндегі басты қағидаттарды айқындап берді.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Жолдауында нақты басымдықты атап өтті. Ол: «Мемлекеттік басқару сапасын арттыру және әрбір бюджет теңгесінің нақты нәтижеге жұмыс істеуі». Бұл – тек экономикалық талап емес, жауапкершілік пен ашықтыққа негізделген жаңа басқару мәдениеті. Қазір елімізде орталықсыздандыру саясаты белсенді жүріп жатыр. Осы үдерісте мәслихаттардың рөлі бұрынғыдан да маңызды. Себебі жергілікті даму, халық сенімі мен күнделікті шешімдердің сапасы – бәрі де мәслихат жұмысына тікелей байланысты», – деді ол.

Мәслихат – тек бекітуші орган емес, елдік өзгерістердің ұйытқысы

Төлеубек Мұқашев өз сөзінде «Қазақстан мәслихаттары депутаттары бірлестігі» атқарып жатқан жұмыстарға да тоқталды. Бірлестік соңғы жылдары мемлекеттік және жергілікті басқару институттарымен бірлесіп, депутаттардың кәсіби әлеуетін арттыруға, үздік тәжірибелермен алмасуға және ашық жоспарлау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған бірнеше нақты бастамаларды жүзеге асырып келеді.

Олардың қатарында:

- бюджет үдерісін терең меңгеруге арналған оқыту семинарлары мен курстар;

- өңірлік даму бағдарламаларын талқылайтын сараптамалық алаңдар;

- бюджеттің орындалуын бақылауға арналған цифрлық тәсілдерді енгізу бар.

«Біздің мақсат – мәслихаттарды жай бекітуші орган емес, елдік өзгерістердің бастамашысы, қоғам мен билік арасындағы сенімді байланыстырушы көпірге айналдыру», – деді Мұқашев.

«Ел ағасы» болу – жауапкершіліктің ең жоғары формасы

Семинар барысында баяндамашы елдік мүдде мен жеке жауапкершіліктің маңызын да ерекше атап өтті.

«Бюджетті тиімді жоспарлау – сандар мен кестелерге сүйенген техникалық үдеріс қана емес. Ол – ел басқарудың құндылықтық өзегі. Қай саланы басымдыққа қоямыз: білім бе, инфрақұрылым ба, әлде әлеуметтік қолдау ма – мұның бәрі халықтың өмір сапасына тікелей әсер етеді. Сондықтан мәслихат депутаттары әр шешімнің артында адам тағдыры тұрғанын ұмытпауы керек», – деді ол.

Сондай-ақ Төлеубек Мұқашев халық даналығына сүйене отырып, депутаттардың ел алдындағы миссиясын ерекше сипаттады:

«Қазақта «Ел ағасы» деген ұғым бар. Ол – жасы үлкен болғаны үшін емес, парасатымен, әділдігімен, ел мүддесіне адал еңбегімен танылған тұлғаға берілетін мәртебе. Бүгінгі депутаттар да дәл сондай ел ағалары болуға тиіс: елдің сөзін сөйлеп, халық сенімін ақтап, даналық пен жауапкершілік арқылы қоғамды біріктіретін азаматтар болуы қажет», – деді ол.

Диалог пен сенім алаңы

Қатысушылардың пікірінше, Ақтөбедегі бұл семинар – тәжірибе мен пікір тоғысқан, жергілікті басқарудың сапасын арттыруға бағытталған маңызды диалог алаңы болды. Мұнда тек қаржылық тетіктер ғана емес, басқару мәдениетін жаңғырту, халыққа есеп берудің жаңа формалары мен мәслихаттардың стратегиялық рөлі де кеңінен талқыланды.

Жиын соңында қатысушылар өңірлік өкілді органдардың кәсіби деңгейін арттыру, бюджет саясатының ашықтығын күшейту және қоғам мен билік арасындағы өзара сенімді нығайту бағытында бірлескен жұмысты жалғастыруға келісті.

Ақтөбе семинары бір нәрсені анық көрсетті: әрбір бюджет теңгесі – тек қаржы емес, ел болашағына салынған инвестиция. Ал оның нәтижесін анықтайтын басты күш – халыққа адал қызмет ететін, жауапкершілікті сезінетін мәслихаттар мен олардың мүшелері.

https://silteme.kz/index.php/aleumet/kukyk-zan/item/4424-zhigitti-zh-msa-an-k-shin-s-rama-bitirgen-isin-s-ra-t-leubek-m-ashev