Жол, медицина және балалар демалысы — басты назарда!

Жол, медицина және балалар демалысы — басты назарда!

Панфилов ауданына жұмыс сапарымен барған облыстық және аудандық мәслихат депутаттары бірқатар маңызды инфрақұрылым нысандарын аралап, олардың жай-күйімен танысты. Сапар барысында автожолдардың құрылыс барысы, ауылдық медициналық пункттер мен балалар лагері назарға алынды.
🔹 «Сарыөзек–Көктал» автожолының құрылысы қарқынды
Депутаттар ең алдымен «Сарыөзек–Көктал» автожолының бірнеше учаскесіне барып, жұмыс барысымен танысты. Атап айтқанда, жолдың 0–45 шақырым аралығында ірі түйіршікті асфальттың жоғарғы қабатын төсеу жұмыстары жүріп жатыр. Бұл жұмыстарды «APK Stroy Group» мердігер компаниясы атқарып жатыр. 31 шақырым жолдың төменгі қабаты толықтай төселіп, 35 шақырымға айналма жол салынған.
Ал 110–178 шақырым аралығында орташа жөндеу жұмыстары қолға алынған. Қазірдің өзінде 31 шақырымға алғашқы жабынды төселіп, жоспар бойынша жалпы 67 шақырым толық асфальтталады. Жоба аясында ауыр жүк көліктеріне арналған айналма жолдар да қарастырылған.
Сонымен қатар, депутаттар Қойбын шатқалындағы Көнбе өзенінен өтетін 70 метрлік көпірдің құрылысымен де танысты. Қазіргі таңда арматуралық қаңқалар орнатылып, жұмыс кестеге сай жүргізілуде.
🔹 Ауыл жолдары назардан тыс қалмайды
Депутаттар аудандық маңызы бар Ынталы ауылының кіреберіс жолын да көрді. Ұзындығы 12 шақырым болатын жол құрылысы үш жылға жоспарланғанымен, қаржыландыру мәселесіне байланысты жұмыс тоқтап қалған. Бұл мәселе облыстық автомобиль жолдары басқармасымен бірлесіп тұрақты комиссия отырысында қаралып, жол құрылысының биыл аяқталуы үшін тиісті шаралар қабылданатын болады.
🔹 Фельдшерлік-акушерлік пункттердің жағдайы бақылауда
Сапар аясында Аққұдық, Сарытөбе және Диханқайрат ауылдарындағы фельдшерлік-акушерлік пункттердің (ФАП) құрылысы да депутаттардың жіті бақылауында болды.
Аққұдық ауылында салынып жатқан ФАП құрылысы 95%-ға аяқталған. Құрылыс жұмыстарын «Даулет» ЖШС жүргізуде. Қазір фасад әрлеу, ішкі қабырғаларды сылау, кафель төсеу, есіктерді орнату, аула абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Нысан белгіленген мерзімде пайдалануға берілмек.
Сарытөбе ауылындағы ФАП құрылысында шатыр монтаждалып, ішкі сылақ, кафель төсеу, сыртқы қоршау орнату және аумақты абаттандыру жұмыстары жүріп жатыр. Алайда, құрылыс пен кейінгі жұмыс барысында ауылда су тапшылығы үлкен мәселе туғызуы мүмкін. Бұл мәселе бойынша жер асты суын жинау бағытында жұмыстар атқарылуда.
Диханқайрат ауылындағы ФАП нысанында 12 құрылысшы мен 2 техник жұмыс істейді. Қазіргі уақытта сыртқы сылақ, ішкі қабырғаларды қалау, еденге бетон құю және ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Жоба сапасы басты назарда болатынын мердігер компания («ABADAN Construction») атап өтті.
🔹 «Қарлығаш» лагері – балалар үшін жайлы орта
Жұмыс сапары «Қарлығаш» спорттық сауықтыру лагерінде аяқталды. Жеке меншік негіздегі бұл лагерь жаз мезгілінде алты маусым ұйымдастырып, әр кезеңде 200 бала қабылдай алады. Жалпы аумағы 1643,46 шаршы метрді құрайтын лагерь заманауи талаптарға сай жабдықталған.
Мұнда 17 жайлы коттедж, 200 орындық асхана, компьютер бөлмелері, стадион, бассейн, ойын алаңдары, беседкалар мен ашық сахна бар. Лагерьде жұмыс істейтін 18 тәрбиешінің барлығы жоғары білімді мамандар.
Қорытындылай келе, Панфилов ауданына жасалған бұл жұмыс сапары халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған маңызды нысандардың құрылыс сапасын бақылауға және өзекті мәселелерді шешуге арналған нақты қадам болды. Мәслихат депутаттары өз бақылауындағы жобалардың уақытында әрі сапалы аяқталуына барынша күш салатын болады.