Сенаторлар Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаевпен кездесті

Сенаторлар Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаевпен кездесті

ҚР Парламенті Сенатының Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары жөніндегі комитетінің көшпелі отырысына Жетісуға арнайы келген депутаттарға ризашылығын білдірген облыс әкімі көшпелі отырыстың өңірдегі құқықтық тәртіпті сақтаудың өзекті мәселелерін, құқық қолданудың тиімділігін және заңнамалық өзгерістер жөніндегі ұсыныстарды талқылауға мүмкіндік бергенін атап өтті.
Сол сияқты аймақта құқықтық тәртіпті сақтау, азаматтардың, соның ішінде балалардың құқығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында атқарылған жұмыстарға қысқаша тоқталды.
Мәселен, облыс мектептеріндегі «Әдеп-құқық жұмысы жөніндегі ментор» жобасы оқушылардың құқықтық тәрбиесіне оң ықпал етсе, өңірдегі 7 «Жанұя» отбасын қолдау орталығы бүгінге дейін өмірлік қиын жағдайға тап болған 205 отбасыларға әлеуметтік, заңдық, психологиялық қолдау көрсеткен.
Сондай-ақ құқықтық тәртіпті сақтаудағы цифрландырудың рөлі, соның ішінде бейнекамералар орнату, ішкі істер органдарының материалдық-техникалық базасын нығайту жайлы айтып, мұндай қолдау шаралары алдағы уақытта да жалғасатын атап өтті.
Өз кезегінде Сенат Комитетінің төрағасы Нұрлан Бекназаров Жетісу облысында өткізілген көшпелі отырысты ұйымдастыруда белсенділік көрсеткені үшін облыс басшылығына, облыстық мәслихатқа ризашылығын білдірді. Комитеттің көшпелі отырысын өткізу үшін Жетісу облысын бекер таңдалмағанын атап өтті. Облысты жаңадан қайта құру, қызметтерді үйлестіру, халықты ортақ іске жұмылдыру, әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерге жету үлкен жұмысты қажет ететінін, бұл орайда облыстың даму қадамдарын көріп отырғанын тілге тиек етті.