📍АЙЫП ТҰРАҒЫ ҚЫЗМЕТІНІҢ ТАРИФТЕРІНЕ ӨЗГЕРІСТЕР ЕНГІЗУ ҰСЫНЫЛДЫ

📍АЙЫП ТҰРАҒЫ ҚЫЗМЕТІНІҢ ТАРИФТЕРІНЕ ӨЗГЕРІСТЕР ЕНГІЗУ ҰСЫНЫЛДЫ
✅22 қаңтарда аудан әкімдігінде қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Жиынды кеңес төрағасы Ескендір Елемесов ашып, жүргізді. Отырысқа аудан әкімі Тимур Шиниязов, аудандық мәслихаттың төрағасы Тахир Қадимов, бөлім басшылары мен қоғамдық кеңес мүшелері қатысты.
Алдымен аудан әкімі Тимур Серікұлы қоғамдық кеңес отырысында есептік баяндама жасап, ауданның 2025 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне тоқталды.
— 2025 жылы аудан бюджеті нақтылау нәтижесінде 8,8 млрд теңгені құрады. Бюджет шығыстары 99,9 пайызға орындалып, қаржының мақсатты әрі тиімді игерілгенін көрсетті. Өз кірістері бойынша жоспар 109,3 пайызға орындалып, аудан бюджетіне 1,4 млрд теңгеден астам салықтық түсімдер түсті. Бұл аудан экономикасының тұрақты дамып келе жатқанын айғақтайды.
Ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 12,9 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 3 пайызға артты. Қазіргі таңда ауданда 422 ауыл шаруашылығы құрылымы тұрақты түрде жұмыс істеп тұр.
Асыл тұқымды мал шаруашылығы бағытында да оң нәтижелерге қол жеткізілді. Мал басы 28 пайызға өсіп, саланың әлеуеті арта түсті. Мал азығын дайындау жоспары орындалып, аудан мал қыстағына 91,8 пайыз деңгейінде қамтамасыз етілді.
Өсімдік шаруашылығы саласы да қарқынды дамып келеді. 2025 жылы 3 000 гектар алқапқа егін егіліп, бұл өткен жылмен салыстырғанда 3,6 есеге артты. Су үнемдеу технологиялары енгізіліп, тамшылатып және жаңбырлатып суару жобалары табысты жүзеге асырылды.
Сонымен қатар, негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 16 млрд теңгеден асып, жоспар 108,8 пайызға орындалды. Оның ішінде ауыл шаруашылығы саласына тартылған инвестиция көлемі 6,6 млрд теңгені құрады. Бұл көрсеткіштер аудан экономикасының дамуына серпін беріп, ауыл шаруашылығы саласының одан әрі өркендеуіне мүмкіндік жасап отыр, — деді аудан басшысы.
Одан кейін аудандық мәслихаттың өткен жылы атқарылған жұмыстары туралы аудандық мәслихаттың төрағасы Тахир Зинурұлы хабарлама жасады.
Күн тәртібіндегі соңғы мәселе бойынша «Жәнібек ауылындағы автокөліктерді айыппұл тұрағында ұстау төлемдері туралы» Жәнібек аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобильдер жолдары бөлімінің бас маманы Арман Түйебаевтың баяндамасы тыңдалды. Аталған баяндамасында Арман Серікұлы 2023 жылғы 9 қыркүйекте өткен Жәнібек аудандық қоғамдық кеңесінің отырысында қабылданған №8 хаттамаға сәйкес, Жәнібек ауылындағы автокөліктерді айып тұрағында ұстау қызметінің тарифтері бекітілгені айтылды. Атап айтқанда, жеңіл автокөліктер үшін – 500 теңге, жүк автокөліктері үшін – 1000 теңге көлемінде белгіленген.
Аталған тарифтер бекітілгеніне екі жылға жуық уақыт өтті. Осы кезең ішінде коммуналдық қызметтердің тарифтері өсіп, мекеме қызметкерлерінің жалақысы артты. Сонымен қатар, ғимаратты тиісті деңгейде күтіп-ұстауға байланысты шығындар да айтарлықтай көбейді.
Осыған байланысты айып тұрағы қызметінің тарифтеріне өзгерістер енгізу қажеттілігі туындап отыр. Ұсыныс бойынша жеңіл автокөліктер үшін тарифті 900 теңгеге, ал жүк және арнайы техникалар үшін 1600 теңгеге дейін көтеру көзделуде.