Аудандық мәслихаттың кезектен тыс 26 сессия отырысы оздырылды

Аудандық мәслихаттың кезектен тыс 26 сессия отырысы оздырылды
ағымдағы жылдың 31 наурыз күні аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында оздырылған сессия жұмысына аудандық мәслихат депутаттары, аудан әкімі А.Көшкінбаев, аудан әкімінің орынбасарлары Р.Ғұмар және Е.Қажиев, мекеме басшылары, ауылдық округ мамандары және бұқаралық ақпарат құралының өкілі қатысты.
Сессия отырысын аудандық мәслихат төрағасы Қ.Каменов жүргізді.
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша Жаңақала аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Д.Жарасов Жаңақала аудандық мәслихатының «Жаңақала ауданының әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы» 2023 жылғы 5 қазандағы №10-5 шешіміне өзгеріс енгізу туралы хабарлады.
Одан әрі, аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы А.Семенов Жаңақала ауданының 2025 жылға бюджеттік кредит беру, бір жолғы көтерме жәрдемақы беру туралы және Жаңақала аудандық мәслихатының 2024 жылғы 24 желтоқсандағы № 24-1 «2025-2027 жылдарға арналған аудандық бюджет туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы шешім жобалары талқыланды.
Атап айтқанда, аудандық мәслихат депутаттарының қолдауымен аудандық "Jastar" спорт клубына микроавтобус сатып алуға 18,9 млн теңге, "Жасыл ел" бағдарламасы бойынша әр ауылға 100 сарбазға 9,6 млн теңге, Мастексай ауылындағы шағын футбол алаңын жаңартуға 5,0 млн теңге, Техникалық су тартуға Жаңажол ауылына 4 млн, Мастексай ауылына 3,3 млн, Жаңақазан ауылына 5,8 млн, Ақбалшық елді мекеніне 4,2 млн теңге, Салтанат, Саралжын елді мекендеріне электр желісін жөндеуге 5,0 млн теңге, Жаяу жүргіншілер жолын салуға Қызылоба ауылына 7,0 млн теңге, Пятимар ауылына 4,4 млн теңге, Жаңақала ауылының газ құбырлары мен олардағы құрылыстарға техникалық қызмет көрсету бойынша 5,0 млн теңге және мәдени-демалыс орталығының "Мәңгілік алау" аллеясын ағымдағы жөндеуге 6,5 млн теңге қаржы бөлінді.
Аталған мәселелер бойынша шешімдер қабылданып, аудандық мәслихаттың кезектен тыс 26-сессиясы өз жұмысын аяқтады.