Аудандық мәслихаттың кезектен тыс 38 сессиясы өтті

Аудандық мәслихаттың кезектен тыс 38 сессиясы өтті
Бүгін Жаңақала аудандық мәслихатының кезектен тыс 38-сессиясы өтті.
Сессия жұмысына аудандық мәслихат депутаттары, аудан әкімінің орынбасары Р. Ғұмар, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Р. Уразалиев, мекеме басшылары және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Отырысты аудандық мәслихат төрағасының міндетін уақытша атқарушы А. Тасанов жүргізді.
 
Күн тәртібінде бірқатар маңызды мәселелер қаралды.
Атап айтқанда, 2026 жылы ауылдық елді мекендерге жұмыс істеуге және тұруға келген мамандарға әлеуметтік қолдау көрсету шаралары бекітілді. Қолдау шаралары шеңберінде 100 АЕК (432 500 теңге) мөлшерінде көтерме жәрдемақы және тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін бюджеттік кредит қарастырылған.
 
Сонымен қатар, Жаңақала ауданында әлеуметтік көмек көрсету қағидаларына өзгерістер енгізу мәселесі қаралды. Өзгерістер аясында әлеуметтік төлемдердің жекелеген түрлері оңтайландырылып, мерекелік және атаулы күндерге берілетін көмектер жылына екі реттен бір күнтізбелік күнге біріктірілді. Бұл өзгерістер әлеуметтік төлемдерді біріздендіруге және олардың әділ бөлінуін қамтамасыз етуге бағытталған.
 
Күн тәртібіне ұсынылған барлық мәселелер жан-жақты қаралып, тиісті шешімдер қабылданды. Сессия өз жұмысын қорытындылады.