Жамбыл облысында «Қызғалдақ мұра» екі күндік халықаралық фестивалі аясында әлемнің жетекші ғалымдарының қатысуымен ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Ботаника және фитоинтродукция институтының бас директоры, биология ғылымдарының докторы Гүлнар Ситпаева Қазақстандағы қызғалдақтың бай және көпшілікке беймәлім тарихы туралы баяндап берді.
Онтүстік Қазақстан аумағы, әсіресе Жамбыл облысы, қызғалдақтардың алуан түрлілігі бойынша әлемдік орталықтардың бірі.
Қазақстанда қызғалдақтың 41 түрі өседі, оның 17-і Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген. Жамбыл облысы қызғалдақ түрлерінің әр алуандығы бойынша басқа өңірлер арасында көш бастап тұр. Аймақта қызғалдақтың 18 түрі кездеседі, оның 10-ы Қазақстанның Қызыл кітабына енген.
– Қызғалдақ түрлерінің алуан түрлілігі ішінде сәндік тұрғыдан ең құндысы – Кауфман және Грейг қызғалдақтары. Голландиялық селекционерлер осы түрлердің негізінде бүкіл әлемнің бақтарын көркемдейтін жаңа сұрыптар шығарды, – деді ол.
Басқосу барысында геоботаника мамандығы бойынша жаратылыстану ғылымдарының магистрі Аягөз Төленова, биология ғылымдарының кандидаты, Астана ботаникалық бағының қауымдастырылған профессоры Сәуле Мұхтубаева, биология ғылымдарының кандидаты, Астана ботаникалық бағының ғылыми қызметкері Айжан Жаманқара, ботаника және фитоинтродукция институтының қызметкері Александр Дубынин сөз сөйледі.
Натуралист және орнитолог Мәлік Нүкісбеков эндемикалық қызғалдақтардың ерекшеліктерін атап өтіп, осы сирек кездесетін түрлердің қауіп-қатерлерін көрсетті.
Конференция қорытындысы бойынша қарар қабылданды. Қатысушылар Грейг, Кауфман және Регель қызғалдақтарын ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік табиғи мұралар тізіміне енгізу, кейіннен Қазақстан қызғалдақтарының бірегей генетикалық қорын сақтау үшін Кіші Қаратау аумағында геопарк ұйымдастыру туралы ұсынысты қарауға ұсынып отыр.