1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай Тараз қаласындағы «Көне Тараз» тарихи-мәдени кешенінде «Бірлігі жарасқан Қазақстан» атты мерекелік іс-шара өтті.
Этнос өкілдері ұлттық киімдерін жарастыра киіп, өз ұлттарының ұлы құндылықтарын қонақтарға жарыса көрсетті. Достық дастарханын жайып, ұлттық тағамдарынан дәм ұсынды. Сонымен бірге спорт түрлерінен кіл мықтыларды анықтады.
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев аталған шараға қатысып, көпшілікті мәні мен мағынасы зор мерекемен құттықтады.
– Біз бірлік пен келісімнің арқасында тәуелсіз мемлекетті қалыптастырып, зор жетістіктерге жеттік. Түрлі этнос өкілдері бір шаңырақ пен бір тудың астынан табылып, еңселі ел, іргелі мемлекетке айналдық.
Ынтымағы жарасқан Жамбыл жерін мекен ететін 87 этнос өкілі еліміздің тұрақтылығына атсалысып, өңірдің қай саласында болмасын елеулі еңбектің үлгісін көрсетуде. Мемлекет пен қоғам арасында сындарлы диалог орнатуға өңірдегі 78 этномәдени бірлестік өз ықпалын тигізуде.
«Бірлік бар жерде – тірлік бар» демекші, ынтымағы жарасқан елдің ғана болашағы жарқын болары сөзсіз. Бейбітшілік пен ортақ келісім болған жерде ел игілігі үшін нәтижелі істер де жасалатыны анық.
Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Ассамблеяның ХХХІV сессиясында жүктеген міндеттерін жамбылдықтармен бірге жемісті жүзеге асыратынымызға сенімім мол.
Баршаңызға зор денсаулық, еңбектеріңізге табыс, әр шаңыраққа шаттық пен бақ-береке тілеймін! – деді облыс әкімі.
Ербол Қарашөкеев құттықтау сөзінде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясына жамбылдықтардың белсенді атсалысып жатқанын, этномәдени бірлестіктердің ел басына күн туған шақтарда жұдырықтай жұмылып, сауапты істерден қалыс қалмайтынын ерекше атап өтті.
Салтанатты шарада өңірдің этносаралық келісімін нығайтуға елеулі үлес қосқан жамбылдықтар марапатқа ие болды.
Ербол Қарашөкеев Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес бірқатар азаматқа «Қазақстан халқы Ассамблеясына 30 жыл» медалін, сондай-ақ «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін, Құрмет грамотасы мен Алғыс хатын табыстады.
Этномәдени бірлестіктер мен К. Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясы әртістерінің концерттік бағдарламасы көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Мерекелік шара соңы «Достық» биімен түйінделді.
Бұл күні облыс орталығында 700 адамның қатысуымен ҚХА-ның 30 жылдығы мен Қазақстан халқының бірілігі күніне орай «Бірлік жүгірісі» атты жеңіл атлетикалық жүгіріс өткізілді.
Облыстың барлық аудандарында ел бірлігі мен қоғамдық татулықты нығайтуға бағытталған түрлі іс-шаралар кең ауқымда ұйымдастырылды.