Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен кеңейтілген әкімдік мәжілісінде 2025 жылдың І тоқсанындағы өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен бюджеттің орындалу барысы жан-жақты қаралды.
Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Сандуғаш Абдралиеваның хабарлауынша, барлық салада оң динамика байқалады.
Өңірдің экономикалық өсімі 14,5 пайызды құрады. Бұл өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс, тұрғын үй, сауда, көлік, байланыс салаларындағы өсім есебінен қамтамасыз етілді.
Өнеркәсіп саласында 289,1 млрд. теңгенің өнімі өндірілді.
38,1 млрд теңге ауыл шаруашылығы өнімі нарыққа шығарылды.
Ауыл шаруашылығы дақылдарының 94,4 пайызы егілді.
Мал шаруашылығының өнімі 38 млрд теңгені құрады.
Негізгі капиталға 120,5 млрд теңге инвестиция тартылды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 37,1 пайызға артық.
38,1 млрд теңгеге құрылыс жұмыстары атқарылды.
147,9 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Қазіргі уақытта 2 515 пәтерлі 52 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүруде.
Сауда айналымы 200,8 млрд теңгеге жетті. Оның ішінде бөлшек сауда 31,6 пайызға, көтерме сауда 2,8 пайызға артты.
Дегенмен, Байзақ, Жамбыл, Талас, Т. Рысқұлов, Мойынқұм, Шу, Қордай аудандарында өнеркәсіп өндірісінің, ауыл шаруашылығы, инвестиция, құрылыс, тұрғын үй, бөлшек сауда көлемі төмен деңгейде қалыптасып отыр.
– Мемлекет басшысы жүтеген міндеттер мен Үкіметтің тапсырмалары мүлтіксіз орындалуы тиіс. Басты мақсат – халықтың әл-ауқатын арттыру, жоспарларды сапалы орындау.
Мемлекеттік бағдарламаларды тиімді пайдалану арқылы мәселелерді жүйелі шешіп, алдағы міндеттерге қол жеткізудің тура жолын білу керек, – деген облыс әкімі берілген тапсырмалар ойдағыдай орындалмаса, нақты шешімдер қабылданатынын жауаптылардың есіне салды.
Сонымен бірге экономикаға инвестиция тарту – аса маңызды мәселе екенін алға тартып, бұған дейін іске қосылған инвестициялық жобалардың жай-күйіне жіті көңіл бөлудің маңыздылығын атап өтті.
– Өңірге жауапкершілігі жоғары инвесторларды тартудың жаңа тетіктерін қарастыру қажет. Инвесторларды қолдау мақсатында арнайы орталық ашылып, қызметтер «бір терезе» қағидаты бойынша көрсетілуде. Ең бастысы, инвестиция тарту ісінде артық бюрократиядан арылып, жүйелі жұмыс істеу керек. Бұл – нақты тапсырма, ортақ талап, – деді Ербол Қарашөкеев.
Бұдан бөлек, агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін күшейтіп, өсіруге тиімді, шығына аз әрі пайдасы жоғары дақылдардың көлемін ұлғайтуды және егістік алқаптарына су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізуді тапсырды.
– Медицина – қателік пен салғырттықты кешірмейді, – деген аймақ басшысы көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру, ана мен бала өлімі көрсеткіштерін төмендету және алдын алу бойынша жүйелі шаралар қабылдауды қатаң түрде ескертті.
Мәжілісте құқық қорғау және қоғамдық қауіпсіздік мәселесіне де басымдық берілді.
Ербол Қарашөкеев қылмыс пен жол-көлік оқиғаларының саны өскенін, құқықбұзушылықтың алдын алу шаралары тиімді жүргізілмей отырғанын баса айтты. Жасөспірімдер арасындағы қылмыс көрсеткішінің артқанына байланысты облыс басшысы Байзақ, Сарысу, Мойынқұм ауданы әкімдерінің салаға жауапты орынбасарларының тәртіптік жауапкершілігін қарастыруды міндеттеді.
Басқосуда бірқатар басқарма басшылары, сондай-ақ аудан әкімдері есеп берді.