Жамбыл ауданында 40 отбасы қоныс тойын тойлады

Жамбыл ауданында 40 отбасы қоныс тойын тойлады
Жамбыл облысы Жамбыл ауданының орталығы – Аса ауылында халықтың әлеуметтік осал топтары санатына жататын 40 азаматқа тұрғын үйдің кілттері салтанатты түрде табысталды.
 
Дүйсенбі, 7 сәуір күні аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы жаңа баспана иелерін құттықтап, қуаныштарына ортақтасты. 
 
– Баспана мәселесін шешу – мемлекетіміздің басым бағыттарының бірі. Әсіресе, халықтың әлеуметтік осал топтарын тұрғын үймен қамтамасыз ету саясаты Мемлекет басшысының тұрақты назарында. Қуаныштарыңыз құтты болсын! Жаңа баспана сіздерге бақыт пен береке әкелсін! – деді аудан әкімі.
 
Бірқабатты 20 тұрғын үйде жалпы саны 2 бөлмелі 40 пәтер қарастырылған. 
 
Жаңа баспанаға қол жеткізгендердің бірі, көпбалалы ана Салтанат Аманқұлова бұл күнді ұзақ күткенін айтып, өз ризашылығын білдірді.
 
– Осы сәтті көптен күттік. Он жылдан астам уақыт бұрын кезекке тұрған едік. Бүгін қоныс тойын тойлап отырмыз. Үйіміз кең, жайлы, көңілімізден шықты. Ел Президентіне және жергілікті билікке алғыс білдіреміз! –  деді ол.
 
Айта кетейік, қазіргі таңда Жамбыл ауданында 1 750 азамат тұрғын үй кезегінде тұр. Бұл мәселені кезең-кезеңімен шешу мақсатында биыл Аса ауылында көпқабатты 4 тұрғын үйдің құрылысы басталды.