Қордай ауданына жұмыс сапары: көлік әлеуеті, тұрғын үйдің қолжетімділігі, қоғамдық тәртіп

Қордай ауданына жұмыс сапары: көлік әлеуеті, тұрғын үйдің қолжетімділігі, қоғамдық тәртіп

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Қордай ауданына жұмыс сапарымен барды.

Өңір басшысы «Қордай» бақылау-өткізу бекетінің қызметін тексеріп, цифрлық сервистерді енгізу бойынша жұмыс нәтижелерімен танысты.

Автоматтандырылған турникеттер кезекті жоюға және құжаттарды тексеру уақытын қысқартуға мүмкіндік берді.

Жаңғыртудан кейін бекеттің өткізу қабілеті тәулігіне 1 мыңнан 2,5 мың көлікке және 6 мыңнан 23 000 адамға дейін артты.

Аймақ басшысы өткізу бекетінің инфрақұрылымын жақсарту, өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін дамыту мәселелеріне баса назар аударуды тапсырды.

Ербол Қарашөкеев тұрғын үй саясатын іске асыру барысымен де танысты.

Қордай ауылында әлеуметтік осал санаттағы мұқтаж азаматтар үшін барлығы 2,1 млрд. теңгеге 144 пәтер сатып алынды. Ербол Қарашөкеев баспаналарды аралап, тұрғын үй құрылысын дамыту бойынша бірқатар тапсырмалар берді.

Облыс әкімі өткен жылы пайдалануға берілген аудандық полиция бөлімінің жаңа ғимаратында болды.

Ғимарат азаматтарды қабылдауға қажетті барлық заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған, қызметкерлердің тиімді жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасалған.

Іс-сапар барысында өңір басшысы құқық бұзушылыққа қарсы күрес, қылмыстың алдын алу, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету шараларын жетілдірудің маңыздылығына тоқталды.