Тараз қаласында 150-ден аса көше жөндеуден өтті

Тараз қаласында 150-ден аса көше жөндеуден өтті

Былтыр Тараз қаласында 45 жоба аясында жалпы ұзындығы 87,5 шақырым құрайтын көше жолдарын орташа жөндеуге жергілікті бюджеттен 3,6 млрд. теңге бөлініп, жұмыстар толығымен аяқталған. Ал, биыл жобаға сәйкес шаһарда 130 көше мен 6 жаяу жүргіншілер жолы орташа жөндеуден өтеді деп жоспарлануда.

Бүгінгі таңда Саңырық батыр, Шостакович көшелерінде (ұзындығы 5,6 шқ) қайта жаңғырту жұмыстары жүруде. Бұл бағытта өткен жылы 781,3 млн. теңге қарастырылып, қаражат толығымен игерілді. Бұдан өзге, «Бұрыл А,Б,В» тұрғын алқабына 430 млн. теңге бөлініп, бүгінде 15 көшеге асфальт жол жабындысы төселді. Жоба бойынша 33,7 шақырым жолға асфальт жабындысын төсеу (75 көше) қарастырылған.

Ал, «Барысхан» тұрғын алқабына 111,1 млн. теңге қарастырылып, қазіргі таңда 2 көшеге (Қызыл қайнар 2 көшесі және Құрманбетов көшесі) асфальт төселді. Жоба аясында ұзындығы 16,2 шақырым 24 көшеге асфальт жабындысын төсеу қарастырылған.

Сондай-ақ, жергілікті бюджет есебінен 230 млн. теңгеге 38 мың шаршы метр жол ағымдағы жөндеуден өтті.

Айта кетейік, өткен жылы жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 518 дана жол белгісі орнатылды. 3 жаңа көлік бағдаршамы, 2 жаңа жаяу жүргінші бағдаршамы қойылды. Сонымен қатар, 232,5 метр жасанды кедергі орнатылып, 53 мың шаршы метрде жол таңбалау жүргізілді.